Сондықтан азаматтардың тек ресми табысын ғана емес, ірі шығындарын да түсіндіре алуы маңызды. Мамандардың айтуынша, әсіресе кіріс пен шығыс арасында үлкен айырмашылық болса, қаражаттың шығу тегін растайтын құжаттар болуы қажет. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты сарапшылардың пікіріне сүйеніп жалғастырады.
«Жүйе тәулік бойы жұмыс істейді»
Салық кеңесшісі Инзиля Галимова «Дневной формат» бағдарламасында кіріс пен шығысты салыстыру тетігі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келетінін еске салды. Алайда халық оның қалай жұмыс істейтінін толық білмеуі мүмкін.
«Көпшіліктің бұдан хабары бар. Бірақ адамдар “маған қатысы жоқ” деп ойлайды. Бұл біздің менталитетіміздегі “көре жатармыз, мәселе туындаса, сол кезде шешеміз” деген ұстаным», – дейді сарапшы.
Жүйе онлайн режимде жұмыс істейді. Бұрынғыдай тоқсан сайын бір рет қосылмайды. Қазір ол тәулік бойы және басқа көптеген мемлекеттік жүйелермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондықтан азаматтар өздерінің қаржылық операцияларына назар аударып, салық органдарынан келетін хабарламаларға мұқият болғаны жөн.
Кіріс пен шығыс сәйкес келмесе не болады?
Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев «Дневной формат» бағдарламасында кірісті жанама әдіспен анықтау тетігін тек кәсіпкерлерге, фрилансерлерге немесе бизнес иелеріне қатысты деп қарастыруға болмайтынын ескертті.
«Бұл тексерістер әр қазақстандыққа қатысты. Мұнда “тек кәсіпкерлерге немесе құрылтайшыларға қатысты” деген критерий жоқ», – дейді сарапшы.
Ол ресми табысы төмен болып көрсетілген, бірақ іс жүзінде одан әлдеқайда көп қаражат алатын азаматтарды мысалға келтірді.
«Бізде ресми түрде жұмыс істейтін, бірақ жалақысын 85 немесе 100 мың теңге деп көрсетіп, іс жүзінде қолына 500–600 мың теңге алатын адамдар көп. Сонда олардың бір жылдағы деректерінде 6–7 миллион теңгеге дейін айырмашылық пайда болуы мүмкін», – дейді Казанцев.
Сарапшының түсіндіруінше, егер азаматтың шығыны ресми көрсетілген кірісінен айтарлықтай асып кетсе, оның қайдан ақша алғаны туралы сұрақ туындауы ықтимал. Егер қаражаттың шығу тегін дәлелдеу мүмкін болмаса, қосымша салық міндеттемесі пайда болуы мүмкін.
Казанцев мұндай жағдайда айырмашылыққа 10-15 пайыз көлемінде төлем есептелуі мүмкін екенін айтты. Бұл сарапшының түсіндірмесі, ал нақты салық міндеттемесі әр жағдайдың мән-жайына және қолданылатын заң талаптарына байланысты анықталады.
Сарапшы 2027 жылға болжам жасады
Дмитрий Казанцевтің пікірінше, қазір салық органдары 2026 жылдың аяқталғанын күтіп отыр. Сондықтан толық тексеріс жұмыстары келесі жылдан басталуы мүмкін. Қазіргі уақытта Smart Data Finance жүйесі арқылы ақша қозғалысы мен шығындарға қатысты ай сайын 500-ден астам аналитикалық есеп қалыптастырылады.
Осыған байланысты Казанцевтің болжамынша, 2026 жылдың қорытынды деректері жинақталғаннан кейін, 2027 жылдың ортасына қарай азаматтарға қатысты хабарламалар келе бастауы мүмкін.
«Алдымен айырмашылығы үлкен адамдардан бастайды деп ойлаймын. Мысалы, 20 немесе 10 миллион теңге көлемінде сәйкессіздік бар адамдарға назар аударылуы мүмкін. Кейін бұл сома біртіндеп азайып, ақырында кез келген адамға әсер ететін деңгейге жетуі ықтимал», – деп болжайды сарапшы.
Казанцев сонымен қатар салық органдары хабарламаларды тек салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы емес, банк қосымшалары арқылы да жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Қолма-қол ақшаға көшу сәйкессіздікті жасыра ма?
Соңғы уақытта қолма-қол ақшаға көшіп жатқандардың да саны артып келеді. Алайда Инзиля Галимованың айтуынша, мұндай қулық мәселені шешпейді.
«Адамдар қазір қолма-қол ақшаға көбірек көшіп жатыр. Бірақ бұл көмектеспейді. Өйткені сіздің шығындарыңыздың өзі із қалдырады», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қолма-қол ақшаның қозғалысын да белгілі бір жағдайда анықтауға болады. Мысалы, ақшаны кім шешіп алғаны, кім шотын толықтырғаны немесе қандай аударымдар жасалғаны туралы ақпарат банктік жүйелерде сақталуы мүмкін. Ол қылмыстық істер бойынша кеңес беретінін де айтып, тәжірибесінде банк шоттарының қозғалысына қатысты үзінді көшірмелерді алған жағдайлар болғанын атап өтті.
«Аударымдар, шоттарды толықтыру және басқа операциялар бойынша мәліметтерді анықтауға болады. Бұл бұрыннан бар мүмкіндік», – деді сарапшы.
Демек, банкоматтан қолма-қол ақша шешіп алу операциялары да тіркеледі.
Ірі сатып алудың чегін сақтаған дұрыс
Сарапшы азаматтарға ірі сатып алуларға қатысты чек пен түбіртектерді сақтауға кеңес береді. Мысалы, адам 400 мың теңгеге диван сатып алды делік. Егер тауар қолма-қол ақшаға алынған болса, бірнеше жылдан кейін оның қашан, қанша ақшаға сатып алынғанын растайтын негізгі құжат чек болуы мүмкін.
«Жеке тұлғалар чектерді, түбіртектерді сақтауы керек. Мысалы, диванды 400 мың теңгеге сатып алсаңыз, чекті міндетті түрде сақтаңыз», – дейді Инзиля Галимова.
Оның айтуынша, банк жүйесінде көптеген операциялар туралы ақпарат сақталса да, қолма-қол жасалған шығындар кезінде адамның қолында оны растайтын құжат болмауы мүмкін.
«Біз цифрландырудан кейін барлық нәрсе электронды түрде сақталады деп үйреніп қалдық. Бірақ қолма-қол ақшамен есеп айырысқанда жағдай басқаша болуы мүмкін. Мысалы, үйіңіз бар, үйдің іші толық жабдықталған. Егер мұндай шығындар декларацияда көрсетілмесе, белгілі бір жағдайда сұрақ туындауы мүмкін», – деп түсіндірді сарапшы.
Сарапшының өзі де маңызды құжаттарды 2015 жылдан бері сақтап жүргенін айтты.
Тойда берілген ақша да сұрақ тудыруы мүмкін
Инзиля Галимова қазақстандықтардың күнделікті өмірінде жиі кездесетін тағы бір жағдайға назар аударды. Сарапшының айтуынша, тойда сыйлық ретінде берілетін қаражат та белгілі бір жағдайда кіріс ретінде қарастырылып, оның шығу тегін негіздеуді қажет етуі мүмкін.
«Біз осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Той жасаймыз, ақша жинаймыз, сыйлық береміз. Өкінішке қарай, мұндай сомаларды да декларациялап, негіздеу қажет болуы мүмкін, өйткені бұл сіздің кірісіңіз ретінде қарастырылады», – деді Галимова.
Оның түсіндіруінше, ақша берген адамның өзі бұған дейін одан салық төлеген болуы бұл қаражатты алған адамға қатысты мәселені автоматты түрде жоймайды.
«Мысалы, туысыңыз бұл ақшаны өзі заңды түрде тауып, салық төлеген. Яғни бұл ақша салықтан өткен. Бірақ ол сізге берген кезде, сіз үшін бұл ақша түсім болып саналады», – деді сарапшы.
Сондықтан оның пікірінше, азамат мұндай ірі соманың қайдан келгенін қажет болған жағдайда түсіндіре алуы керек.
Камералдық бақылауда сәйкессіздік болуы мүмкін
Инзиля Галимова кіріс пен шығысты автоматты түрде салыстыру кезінде деректердің сәйкес келмеуі мүмкін екенін де атап өтті. Оның айтуынша, камералдық бақылау кезінде кей жағдайда тексерілетін кезеңнің басындағы ақша қалдығы есепке алынбай қалуы ықтимал.
Мысалы, азаматтың тексерілетін кезең басталғанға дейін жинақтаған ақшасы болуы мүмкін. Кейін ол осы қаражатты жұмсаса, жүйеде оның шығыны сол кезеңдегі кірісінен асып кеткендей көрінуі ықтимал.
«Камералдық бақылау үш жыл бойынша жүргізіледі. Кейде кезең басындағы сальдо есепке алынбай қалады. Сондықтан түсініктеме беру бізді түсінбеушіліктерден және артық есептелетін сомалардан қорғайды», – дейді Галимова.
Оның айтуынша, азамат кезең басындағы қалдығын, кейінгі кезеңдегі қаражатын және басқа да түсіндіруді қажет ететін сомаларды растайтын құжаттарды ұсына алады.
«Біз кезең басында қандай қаражат болғанын, кезең соңында қандай қалдық қалғанын көрсетіп, кіріс пен шығыстың нақты сомасын анықтай аламыз», – деп түсіндірді сарапшы.
Салық органының хабарламасын елемеуге болмайды
Инзиля Галимованың айтуынша, салық органынан хабарлама келген жағдайда азамат оны елемей қоймауы керек. Егер есепте сәйкессіздік болса, тиісті түсініктеме беріп, оны растайтын құжаттарды ұсынған жөн. Сондай-ақ, декларацияланбаған кіріс бар болса, оны да ертерек шешіп тастаған дұрыс.
Себебі уақыт өткен сайын орындалмаған салық міндеттемесі бойынша өсімпұл да артатынын ескерген жөн.
Сарапшылар не дейді?
Осылайша, сарапшылар азаматтарға өздерінің ірі түсімдері мен шығындарын растайтын құжаттарды сақтауға, салық органдарының хабарламаларына уақытында жауап беруге және кіріс пен шығыс арасындағы сәйкессіздік туындаған жағдайда оның себебін құжатпен түсіндіруге кеңес береді.
Себебі кіріс пен шығысты салыстыру тетігі алдағы уақытта кеңірек қолданылуы мүмкін. Алдымен ресми кірісі мен шығыны арасында ең үлкен айырмашылық бар азаматтарға назар аударылуы ықтимал. Кейін талдау ауқымы кеңеюі мүмкін.