Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің, ҚР Ұлттық Паралимпиадалық комитетінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, спорт федерацияларының өкілдері, сондай-ақ, Жапонияда өтетін жарыстарда ел намысын қорғайтын спортшылар қатысты.
Жапонияның Қазақстандағы елшісі Ясумаса Иидзима қазақстандық спортшыларға ақ жол тілеп, алдағы бәсекелерде сәтті өнер көрсетуіне тілектес болды. Ол Азия ойындарының Жапония үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Аталған мемлекет 2026 жылы құрлықтағы ең ірі кешенді спорттық бәсекені тарихында үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін жазғы Азия ойындары 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада өткен.

Сондай-ақ елші Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы жетістіктеріне тоқталды.
«Соңғы бірнеше жылда Қазақстан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада ойындарында елеулі жетістіктерге жетті. Сонымен қатар ел мәдениет пен ғылым саласында да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мұның барлығы жас әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның зор әлеуетін аңғартады. Ал сіздер, спортшылар, осы жетістіктердің маңызды бөлігісіздер.
Алдағы жарыстарда Қазақстан құрамасына сәттілік тілеймін», – деді Ясумаса Иидзима.
Қазақстан ҰОК өкілдері құрлықтағы басты спорттық додалардың бірі қарсаңында қазақстандық командаға көрсеткен ықыласы мен қолдауы үшін жапон тарапына алғыс білдірді. Тараптар сондай-ақ спорттың Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарына Қазақстан атынан шамамен 560 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыстар 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Бағдарламаға 43 спорт түрі мен 71 спорттық дисциплина енген. Барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
V Азия Пара ойындары 2026 жылдың 18-24 қазаны аралығында өтеді.