Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Марқұмның жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында Кенсай зиратында Асанәлі Әшімовтің құлпытасы орнатылып, шаңырағында Құран бағышталғанын жазды.
«Бүгін Кенсайда асыл жарым, Алаштың Асанәлісі, қайталанбас тұлға — Асекеннің құлпытасын орнатып, шаңырағында Құран бағыштадық. Адамның ғұмыры өлшеммен емес, артында қалдырған ізімен бағаланады екен. Асекеннің ғибратты ғұмыры, елге жасаған еңбегі, адамға деген жақсылығы мен азаматтық болмысы — біз үшін мәңгілік аманат. Тірісінде жанында жүріп, бар ғұмырымды бірге өткерсем, бүгінде оның рухына тағзым етіп, артында қалған аманатын арқалап келемін. Өмірдің ендігі бір үлкен жауапкершілігі де осында.
Бүгінгі құлпытастың ашылуына арнайы келіп, Асекеннің рухына дұға бағыштаған туған-туысқа, жақын жандарына, әріптестері мен достарына шын жүректен алғыс айтамын. Алыстан ат терлетіп, көңіл бөліп келген әр адамның ықыласы — біз үшін үлкен медет, үлкен құрмет», — деп жазды ол.
Бағдат Әшімова өмірінің көп бөлігін Асанәлі Әшімовпен бірге өткізгенін айтып, бүгінде оның рухына тағзым етіп, артында қалған аманатын арқалап жүргенін жеткізді.
«Асекен бір ғана әулеттің емес, елдің азаматы еді. Оның артында қалған еңбегі мен өнегесі, есімі мен рухы кейінгі ұрпаққа жетуі керек. Бұл — менің жар алдындағы ғана емес, азаматтың елге сіңірген еңбегіне деген перзенттік парызым деп білемін.
Тірісінде қасынан табылу — тағдырдың маған берген сыйы болса, бүгінде рухына қызмет ету — жүрегіме жүктелген аманат. Асекеннің есімін ұлықтау, артында қалған мұрасын сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу — менің алдағы ғұмырымдағы ең үлкен парызым.
Жатқан жерің жайлы, рухың пейіште шалқысын, асыл жарым. Сенің жарың болу — өмірімдегі ең үлкен мәртебе еді. Ал сенің аманатыңды арқалау — қалған ғұмырымның қасиетті міндеті.
Алла тағала рухыңды рақымына бөлеп, жатқан жеріңді нұрлы етсін», — деп жазды марқұмның жары.