Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Жол апаты қалай болды?
Естеріңізде болса, бұған дейін Жамбыл облысында бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді. Апат Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жолдың осы бөлігінде көлік малды қағып кеткен. Жолда қалған жануардың өлексесін алып тастау үшін азаматтардың бірі көлігінен түскен.
Осы кезде оны Бақытжан Базарбек жүргізген Toyota көлігі қағып кеткен. Салдарынан азамат ауыр жарақат алған.
Оқиғадан кейін экс-депутат алғаш рет пікір білдіріп, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты. Осыған байланысты істің барлық мән-жайын әзірге жариялай алмайтынын жеткізді.
Бақытжан Базарбек көпшілікті тергеу аяқталып, нақты қорытынды шыққанға дейін оқиғаға қатысты асығыс пікір білдірмеуге шақырды. Оның айтуынша, ақпаратты нақты деректер мен тергеу нәтижелеріне сүйене отырып бағалау қажет.
Көлік қаққан адамның қазіргі жағдайы қалай?
Экс-депутат алғаш рет өзі қаққан ер адамның денсаулығы туралы айтты.
«Нұржігітті тұрғызған дәрігерлер. Бұл — еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет. Суретте — өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері.
Ортада — Нұржігіт Қошанов. Оң жақта — Тараз қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері — Мұрзақасымов Хамит Саттарқұлұлы; Бас дәрігердің орынбасары — Ордабеков Ербол Сағындықұлы; Анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі — Мусин Ғамзат Афендіұлы; дәрігерлер — Джурабаев Д.Т, Еділбаев Е.О, Раимбекова Г.Э, Баяшев Е.Н, Джапсарбаев Б.М, медбикелер — Ермекқали Б.Ж, кіші медбике Сағынтаева П.К.
Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін.
Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін аман алып қалды. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді. Бұлар — заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес.
Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!
P/S. Біраз төккен терім ақталды, өзімнің дұғам, халықтың дұғасы Жаратушым Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан алдымызда әлі реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз…», — деп жазды ол.