Ол оған 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ресейдің Кабардин-Балқар Республикасының бұрынғы басшысы, миллиардер Арсен Каноковтың 24 жастағы ұлы Альберт Каноков Лилия есімді қызға үйленді. Нальчикте өткен тойға шамамен 620 қонақ шақырылған. БАҚ мәліметінше, мерекенің жалпы құны 100 млн рубльден, яғни 500 млн теңгеден асқан.
Той 5 қыркүйекте Ridada мейрамхана кешенінде өткен. Қонақтардың саны көп болғандықтан, шамамен 2 мың шаршы метр аумақтың өзі жеткіліксіз болып, ғимараттың жанына қосымша шатыр тігілген.
Тойдың ең қымбат бөліктерінің бірі безендіру болған. БАҚ мәліметінше, декорға шамамен 50 млн рубль жұмсалған. Зал тірі гүлдермен безендіріліп, жас жұбайлар жүріп өтетін ұзындығы 40 метр жол да гүлдермен көмкерілген. Бұл сома шамамен 269 млн теңгеге тең.
Қонақтарға кеш барысында танымал әншілер Анна ASTI, Navai және Магамет Дзыбов өнер көрсеткен. Олардың өнер көрсетуіне шамамен 20 млн рубль жұмсалғаны хабарланды.
Қалыңдық Лилия тойға Zuhair Murad сән үйінің көйлегін киіп келген. Кейін ол ұлттық киімге ауысқан. Қонақтарға Dolce & Gabbana брендінің сыйлықтары таратылып, мереке соңында отшашу ұйымдастырылған.
Тойда ұлттық дәстүрлер де сақталған. Қалыңдықтың кортежін салт аттылар сүйемелдеген, қызды алып қашу рәсімі ұйымдастырылып, жас жұбайлар ұлттық би билеген.
Айта кетейік, Арсен Каноков Кабардин-Балқар Республикасын 2005-2013 жылдары басқарған. Оның ұлы Альберттің тойынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін мерекенің шығыны мен ұйымдастырылуы қызу талқыланды.