Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап беретінін мәлімдеді.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», — деді Бозымбаев.
Вице-премьер мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайтынын айтты.
«Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын», — деді премьер-министрдің орынбасары.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында 24 қыркүйек күні оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болып, ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіндегі 17 әскери қызметшіні толқын алып кеткен. Көз жұмғандар саны 12-ге жетті.
Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр тұрақты екенін хабарлады. Қалған екі әскери қызметкерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.