Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні ел тарихындағы ең ауыр қайғылы оқиғалардан кейін жарияланады. Тәуелсіздік алғаннан бері мұндай шешім бірнеше рет қабылданды. Қаралы күндердің қатарында шахтадағы апаттар, әуе кемелерінің құлауы, табиғи апат, террорлық шабуыл, қаңтар оқиғасы және әскери қызметшілердің қазасы бар.
Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жалпыұлттық аза тұту күндерінің саны 14-ке жетті.
2006 жыл — Шахтинскідегі шахта апаты
Ел тарихында алғаш рет жалпыұлттық аза тұту күні 2006 жылы жарияланды. Сол жылы 20 қыркүйекте Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Жарылыс кезінде жер астында 368 адам болған. Төтенше жағдай салдарынан 41 кенші қаза тауып, жеті адам жарақат алды. Қайғылы оқиғаға байланысты келесі күн ел бойынша аза тұту күні ретінде белгіленді.
2008 жыл — Абай шахтасындағы жарылыс
2008 жылы 11 қаңтарда Абай қаласындағы шахтада метан газы жарылды. Оқиға кезінде 30 кенші қаза тапты. Бұл жолы да Қазақстанда қаза болғандарды еске алуға арналған жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
2010 — Қызылағаш оқиғасы
2010 жылдың наурызында Алматы облысындағы Қызылағаш ауылының тұрғындары алапат су тасқынынан зардап шекті. 11 наурызда бөгеттің бұзылуы салдарынан елді мекенді су басып, ресми дерек бойынша 45 адам қаза тапты. Олардың арасында балалар да болды. Табиғи апаттан кейін 16 наурыз Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қызылағаштағы оқиға ел тарихындағы адам шығыны көп болған табиғи апаттардың бірі ретінде қалды.
2012 жыл: Екі рет аза тұту күні жарияланды
Мамыр айының соңында Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде болған оқиға елді дүр сілкіндірді. Бекеттен 14 шекарашы мен бір қорықшының мәйіті табылды. Аман қалған 15-ші шекарашы сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылды. В.Челах тергеу жұмысы барысында басты күдікті ретінде қарастылып, қамауға алынды. 5 маусымда қаза болғандарды еске алу үшін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Жыл соңында қазақ елі тағы да қара жамылды. 25 желтоқсанда Шымкент маңында ҰҚК Шекара қызметінің Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақтағы 27 адамның барлығы қаза тапты. Қаза болғандардың арасында Шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болды. Осы оқиғаға байланысты 27 желтоқсан аза тұту күні болып белгіленді.
2013 жыл — Алматы маңындағы ұшақ апаты
Scat әуе компаниясының Көкшетау – Алматы бағытындағы ұшағы Алматы әуежайына қону кезінде апатқа ұшырап, 21 адам мерт болды. Олардың он бесі ересек жолаушы, біреуі сәби, ал бесеуі экипаж мүшесі болған. 31 қаңтарда қаза болғандарды еске алу үшін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
2016 жыл — Ақтөбедегі террорлық шабуыл
2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде қарулы адамдар бірнеше нысанға шабуыл жасады. Олардың қатарында қару-жарақ сататын дүкендер мен Ұлттық ұланның әскери бөлімі болды. Шабуыл кезінде 8 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметкерлермен қатар бейбіт тұрғындар да болды. Қарулы шабуыл жасағандарға қарсы арнайы операция жүргізілді. Оқиғадан кейін Президенттің шешімімен 9 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2019 жыл — Bek Air ұшағының апаты
2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматы – Астана бағытындағы Fokker-100 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін биіктігін жоғалтып, апатқа ұшырады. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы жарақат алды. Келесі күн — 28 желтоқсан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
2020 жыл — пандемия құрбандарын еске алу
2020 жылғы аза тұту өзге оқиғалардан ерекше болды. Бұл жолы қаралы күн бір ғана апатқа байланысты емес, коронавирус пандемиясынан көз жұмған азаматтарды еске алуға арналды. 13 шілде 2020 жыл Қазақстанда COVID-19 пандемиясы кезінде қайтыс болған азаматтарды еске алуға арналған жалпыұлттық аза тұту күні болды. Ел бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, халық пандемия салдарынан өмірден өткен адамдарды еске алды.
2021 жыл — Байзақтағы жарылыстар
2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында орналасқан оқ-дәрі қоймаларының бірінде өрт шықты. Өрттен кейін бірнеше жарылыс болды. Төтенше жағдай салдарынан азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 7 әскери қызметшісі және 1 әскери прокурор қайтыс болды. 29 тамыз Қазақстанда қаза болғандарды еске алу күні ретінде жарияланды.
2022 жыл — Қаңтар оқиғаcы
2022 жылдың қаңтарында елдің бірнеше өңірінде сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты басталған жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер адам өліміне әкелген оқиғалар ұласты. Бас прокуратураның мәліметінше, «Қаңтар оқиғасы» кезінде 238 адам қаза тапты. Қаза болғандарды еске алу үшін 10 қаңтар 2022 жыл жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
2023 жыл — «Семей орманы» резерватындағы өрт
2023 жылдың маусымында Абай облысындағы «Семей орманы»мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында ірі өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында 14 қызметкердің қаза болды. Өрт шамамен 60 мың гектар аумақты қамтыды. 12 маусымда Қазақстанда қаза болған орманшыларды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
2023 жыл — Костенко шахтасындағы апат
Сол жылдың қазан айында елде тағы бір ауыр өндірістік апат орын алды. 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, кейін өрт шықты. Шахтадағы 252 жұмысшының 208-і жер бетіне шығарылды. Алайда 46 кенші қаза тапты. 29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2026 жыл — Маңғыстауда мерт болған сарбаздар
2026 жылғы 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болды.
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының қолайсыздығынан 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кетті. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бас Прокуратура Ақтау горнизонындағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Осы күн Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы жалпыұлттық аза тұту күндерінің 14-ші рет жариялануы болды.
Аза тұту күні қалай өтеді?
Жалпыұлттық аза тұту кезінде Қазақстан бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Бұл талап мемлекеттік органдардың ғимараттарына ғана емес, елдің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне де қатысты.
Сондай-ақ ойын-сауық сипатындағы концерттер, фестивальдер мен басқа да бұқаралық іс-шаралар тоқтатылады немесе кейінге қалдырылады.
Телерадио арналарының эфир кестесіне де өзгерістер енгізіліп, көңіл көтеруге арналған бағдарламалардың орнына ақпараттық және арнайы хабарлар беріледі.
Тәуелсіздік жылдарындағы әрбір аза тұту күнінің артында ел жадында қалған қайғылы оқиға мен орны толмас адам шығыны бар. Жалпыұлттық аза тұту — қаза болғандарды еске алып, олардың жақындарының қайғысына ортақтасудың белгісі.
Caravan.kz медиа порталы Ақтау гарнизонының Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында жоспарлы әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында қайтыс болған сарбаздардың отбасына қайғыра көңіл айтады.