Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі - kaz.caravan.kz
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні
  • $ 441.89
  • € 502.56
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі

Форум басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

  • 25 Қыркүйек
  • 1
Фото - Caravan.kz

Бұл туарлы Caravan.kz порталы Ақоржаға сілтеме жасар хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

– Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бұл құрметті Төраға Си Цзиньпин мырзаның тікелей қолдауының арқасы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып жатырмыз. Жалпы, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар» мен спутниктік технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы серіктестік дәйекті түрде нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға құқықтық тұрғыдан ықпал етті.

– Іскерлік байланыстардың кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституциямыздың негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мықты құқықтық негіз қалады. Ережелердің тұрақтылығына және инвестициялық қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсету сапасына айрықша мән береміз. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен міндеттері жүктелді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтық пен ортақ мүддеге арқа сүйеген озық әрі тиімді ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отыр. Осыған орай Президент екі елдің табысты серіктестігін одан әрі дамытуға арналған басым бағыттарды атады. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, көлік-логистика саласына тоқталды.

– Халықаралық серіктестермен бірге темір жол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумға транзит айлақтарының өткізу мүмкіндігін кеңейту жұмыстарына белсенді атсалысып жатқан компаниялар қатысып отырғанын айтты. Президент болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаятынын мәлімдеді. Бұл жаһандық логистика тізбегіндегі маңызды көлік хабтарының бірі ретінде Қазақстанның позициясын күшейтеді.

– Бірқатар бірлескен бастамалар қазірдің өзінде нақтылана түсті. Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл – біздің еліміз үшін бірегей жоба. Мультимодальді жүк тасымалын дамытуға ерекше мән береміз. Alatau Air Cargo ұлттық авиа жүк жеткізуші компаниясы жұмысын бастады. Қазақстан нарығына Cathay Pacific Cargo секілді әлемнің ірі жүк әуе компаниялары шығып жатыр. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы жолаушылар бағдары Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстырды, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Президент өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударды. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысында кремний өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларында іргелі бастамалар қолға алынды. Өнімділігі төмен мұнай ұңғымаларын қалпына келтіру бағытында алғашқы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қытайдың Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп, Ақтөбе облысында ерекше индустриялық аймақ құрылуда. Аталған аймақ халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Агроөнеркәсіп кешенін бірлесіп дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік, нақты бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді. Мұндай ауқымды жұмыс серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері сөзсіз. Біз жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздейміз. Бұл қадам Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығуға мүмкіндік береді. Осы орайда «Common History, Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірге келешегі зор жобалардың тізімін әзірлеп, оның бәрін жүзеге асыруға жедел кірісуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясы кешеніндегі ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір секілді аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдардың мол қоры бар.

Президент цифрландыру мәселесіне айрықша мән берді. Ол еліміздің әлемдегі барлық жетекші технологиялық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатуға ашық екенін мәлімдеді.

– Биыл еліміз Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылтайшылары қатарына кірді. Осылайша, Қазақстан технологиялық ықпалдастыққа арналған жаңа халықаралық платформаның қатысушысы болды. Бұл бастаманы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын. Біз технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделіміз. Бұл ретте жаңа формация мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлеміз. Елордада тұңғыш қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуға ниеттіміз. Жемісті технологиялық серіктестігіміздің бір мысалы Alatau City жобасынан айқын көрінеді. Бұл ауқымды бастама Қытай, Орталық Азия және Еуропа кеңістігіндегі белсенді іскерлік қатынастар мүйісіне айналуды көздейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы баяндады.

– АХҚО-ның әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Гонконгпен тығыз ықпалдастығы мол мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия және ШЫҰ елдері эмитенттерінің арасында бірінші болып Қытайдың банкаралық нарығына кірді. Жалпы сомасы үш миллиард юаньнан (450 миллион доллар) асатын панда-облигациялар шығарды. Жалпы, Қазақстан инвестициялық кезеңді барынша қысқа, ашық әрі технологиялық тұрғыдан озық етіп ұйымдастыруға ниетті. Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – осы бағыттағы маңызды қадамның бірі,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс. 

– Сондықтан осы форумды «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынамын. Жалпы, бүгін бірқатар нақты келісімдерге қол жеткіздік. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытайдың және тұтас Еуразия құрлығының орнықты дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деп ұсыныс жасады Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көрші Қытаймен мәңгі достық және түрлі саладағы ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық байланыстарының қарқынды дамуына баса мән беріп отырғанына назар аударды.

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ. Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген. Ал қазіргі тұрақсыз, бұлдыр заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар:人心齐,泰山移, яғни: «Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз». Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Форум аясында Мемлекет басшысының қатысуымен қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

1. Абай облысы әкімдігі мен Xinjiang Sanbao Industrial Group Co., Ltd. және Inner Mongolia Wanjiang Investment Co., Ltd компанияларының консорциумы арасындағы Абай облысында электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен қосалқы жел электр станциясын салу туралы келісім;

2. Абай облысы әкімдігі мен Xinjiang Sanbao Industrial Group Co., Ltd және Inner Mongolia Wanjiang Investment Co., Ltd компанияларының консорциумы арасындағы Семей қаласында ағаш жаңқалы тақтай өндіретін зауыт салу туралы келісім;

3. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы, China Energy Overseas Investment Co., Ltd және SANY Renewable Energy Energy Co., Ltd компаниялары арасындағы бірлескен жоба әзірлеу туралы келісім;

4. «Kazakh Invest ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамы мен Silk Road Finance Corporation компаниясы арасындағы Астана халықаралық қаржы орталығының базасында Қазақстан Республикасындағы перспективті инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған арнайы инвестициялық қор құрудың негізгі шарттары туралы келісім;

5. Ақмола облысы әкімдігі мен SUNGROW Renewable Development Co., Ltd компаниясы арасында Ақмола облысы аумағында жалпы қуаты 450 МВт жел электр станцияларын салу, жаңартылатын энергия көздері саласы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

6. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «East Motors Corporation» ЖШС арасында «Жеңіл және арнауы автокөліктер шығаратын жоғары технологиялық автомобиль өндірісі кешенін құру» жобасын іске асыру жөніндегі ниеттестік туралы келісім;

7. Түркістан облысы әкімдігі мен «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС арасында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

8. Алматы қаласы әкімдігі мен Guotai Junan Securities (Hong Kong) Limited компаниясы арасындағы Гонконг қор биржасында «dim sum» форматында облигациялар шығаруды ұйымдастыру және сүйемелдеу бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы келісім;

9. Алматы қаласы әкімдігі, Everest Development және SunnyWorld Group компаниялары арасындағы халықаралық брендке тиесілі қонақ үй мен бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен салу жобасын іске асыру туралы келісім;

10. «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамы мен China Construction Bank Corporation Astana Branch арасындағы Даму банкінің мақсаттарын қаржыландыру, соның ішінде экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларға қаржы бөлу алғышарттарын айқындау туралы келісім.