94 келіде сынға түсетін ол, өз әңгімесінде қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин жайлы сөз қозғапты. Сөз арасында ол биылғы Лондон Олимпиадасында біздің Ильяннің алтын алуы екіталай дейді. Бұл туралы BAQ.kz порталы жазады.
«Ильиннің Лондонда жеңіске жететініне үлкен күдікпен қараймын. Әрине, мен жеңіске жетемін деп отырғаным жоқ. Бірақ оны жеңетін бір атлеттің шығатынына сенем. Ал өз басым, Ильинді мықты спортшы деп санамаймын. Ол спортшы ретінде өте дөрекі. Техникалық дайындығы да нашар. Есесіне украиналық Артем Ивановтың көтергендері әдемі», — депті ресейлік спортшы, Аламан порталының жазуынша.
Александр Ивановтың айтуынша, Ильиннің сөзі көп екен.
«Ильин ылғи топ жарамын деп кеудесін соғады. Басқа спортшыларды қарсылас санамайды. Әрине, ол талай сындарда жеңіске жетті. Бірақ 1-2 келі ғана артық көтереді. Мықты болса, 10-20 келіні артық еңсерсін. «Жеңемін» деп жар салғанша тыныш дайындалған жөн. Ресей атлеті Лондонда топ жару үшін 412 келі көтеру керек деп отыр. Ал бұл Иванов жақында Ресей чемпионатында 411 келі көтерген еді.
Бірақ, ресейлік спортшының бұл пікірін кәсіби тұрғыдағы дәлелді пікір деп айтуға болмас. Бұны қызғаныштың қызыл итінің ішке сыймай кеткені деп түсіндіруге болар. Әйтпесе Әлемнің үш дүркін чемпионы болғанын былай қойғанда, Олимпиада алтынын да олжалаған, күллі әлемнің майталман спортшылары «вундеркинд» деп атаған Ильяны «мықты спортшы деп санамаймын» деп соққан Ивановтың пікірін объективті деуге бола ма?!
Бұған дейін Ильин неше рет уәде берсе, сонша рет орындап келді. Бұл жолы да солай болады деп сенейік.