Бірінші рауд 8:5 есебімен біздің спортшының пайдасына шешілді. Екінші кезеңде де Д.Елеусінов азулы қарсыласын ес жидырмай 7:3 есебімен алға шықты. Данияр шешуші раундта да американдықты 4:1 есебімен ойсырата ұтты, қорытынды есеп — 19:9.
Данияр Елеусінов 21 жастағы астаналық спортшы. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол Қазақстан чемпионы (2010-2011 жылдары), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы). Данияр жолдаманы жақында елордада өткен Азиялық іріктеу турнирінде қанжығасына байлады.
Есте болса, ҚР Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы М.Айтжанов: «64 келі салмақта шаршы алаңға шығатын бұл боксшы болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі. Данияр өте сауатты боксшы және ол сайыс кезінде әр қадамын есептеп жасайды, сондай-ақ барлық қашықтықта жұмыс істей алады. Әмбебап-боксшы. Біз оған өте үлкен үміт артып отырмыз. Шаршы алаңда ол кез келген қарсыласпен жеңіс жолының кілтін таба алады», — деген болатын.