Астана жейдесін киген жас таланттың дебюті Колорадо жолдарынан басталмақ.
Фабио Ару 1990 жылы туылған, 2007 жылдан бастап әуесқой ретінде жарыс жолын бастап, қазірдің өзінде таңдай қақтырарлық чемпиондық атақтарға қол жеткізіп үлгерген. Атап айтсақ, Giro della Valle dAosta-да қатарынан екі рет жеңіс, Giro delle Valli Cuneesi және Trofeo Toscana Terra di Ciclismo жарыстарында бірінші орын, ал Giro-Bio 2012 сайысында екінші орынды еншіледі.
Команда менеджері Джузеппе Мартинеллидің айтуынша, Фабионың болашақ жеңістерге деген ерік-жігері мен әлеуеті өте жоғары. Ол келешекте команданы өрге сүйрейтін спортшылардың бірі және бірегейі болары сөзсіз. «Фабио келесі жылы-ақ Нибалимен бірге командадағы негізгі орындардың бірін алады. Тек Нибали ғана емес, басқа да топ мүшелері Фабиоға өздерінің білген-түйгенін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, тіпті кейбір жеңіске жетелейтін «құпияларын» да ашатынына сенімдімін», — дейді ол.
Ал Фабионың өзі болса, биылғы жетістіктеріне дән риза екендігін айтады. «Мен биылғы жылдың қорытындыларына дән ризамын. Оның үстіне бұл жыл менің Pro Team Astana-ға келуіммен одан сайын маңызды бола түсті. Мұнда, аты аңызға айналған Винокуровтың командасында, талай жеңістерге жеткен басқа да команда мүшелерімен бірге көптеген белестерді бағындыратыныма сенімдімін. Енді міне, әлемдегі ең мықты чемпиондардың бірі Винченцо Нибали да осы командаға ресми түрде қосылып жатыр. Мұның барлығы мен үшін өте маңызды. Өзіме артылған сенім мен жауапкершілікті барымды салып ақтауға тырысамын», — дейді шабандоз.