Қазақстандық белгілі маман, «Астана Арланс» бокс клубының бас директоры Болат Манкенов olympickhabar.kz сайтына жартылай финалшыларымызға қысқаша мінездеме берген болатын.
— Соңғы кездері Ваня салмақ қосты, бұл жақсы, — дейді Болат Манкенов. — Оның бойының биіктігін (205 см) ескерсек, бұл орасан зор күш. Сонымен қатар Дычконың аяғы да жылдам. Ваняның финалға шығуға барлық мүмкіндігі бар.
— Ниязымбетов — техникалық боксшы, — деп әңгімесін жалғастырады Манкенов. — Солақай. Бүйірден жақсы соғады. Қарсы шабуылдарда әрекет ететін болса Әділбекте бәрі жақсы болады.
— Сәпиев — ең тәжірибелі, ең атақты қазақстандық боксшы. Біздің құраманың капитаны — дейді Болат Манкенов. Ең бастысы, оның жеңіске жетуге деген құлшынысы бар.
— Біздің балалардың барлығының да жартылай финалдан өту мүмкіндігі бар, бірақ бұл топтағы қарсыластарының бәрі өте мықты, — деп сөзін нақтылады Манкенов.
10 тамызда өтетін жартылай финалда, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2005 және 2007 жылғы (64 кг. салмаққа дейін) әлем чемпионы Серік Сәпиев (69 кг) 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері ресейлік Андрей Замковоймен кездесетінін естеріңізге сала кетейік.
Сондай-ақ, Әділбек Ниязымбетов (81 кг) украиналық Александр Гвоздюкпен күш сынасады.
Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (+91 кг) Энтони Джошуамен (Ұлыбритания) кездесу өткізеді.
Кесте. 10 тамыз.
02.45 ½ финал. 69 кг дейін. Серік Сәпиев (Қазақстан) — Андрей Замковой (Ресей)
03.15 ½ финал. 81 кг дейін Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан) — Александр Гвоздюк (Украина)
03.45 ½ финал. 91 кг-дан жоғары. Иван Дычко (+91) — Энтони Джошуа (Ұлыбритания)
Бокстан жекпе-жек 18.30-дан 21.00-ге дейін және 01.30 дан 04.00-ге дейін «Хабар» арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.