Оның хабарлауынша, бүгінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мекемесі Орталық Азия бойынша мүгедек жандардың құқықтарын қорғау бойынша ұлттық институттардың стратегиясын әзірлеуге атсалысып жатыр. Осы бастама аясында «Шырақ» қоғамдық бірлестігі арнайы сараптама өткізіп, Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын сақтау саласындағы жағдайдың есебін даярлап шықты.
«Бүгінде біз оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Братиславадағы аймақтық орталығына жібердік. Бұл құжат жоғары бағаланды. Орталық мамандары Қазақстанның есебін Орталық Азия елдеріне таратып, осының үлгісінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге кеңес беріп отыр», — деп атап көрсетті В.Калюжный.