ҚазАқпарат хабарлағандай, бүгін Ташкентте ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер — Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, бақылаушылар — Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия, Пәкістан мемлекеттерінің лаңкестікке қарсы күреске жауапты арнайы қызметтер және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ, ШЫҰ АЛҚҚ Атқару комитеті және ШЫҰ Хатшылығы өкілдері өз қызмет саласындағы басым бағыттар мәселесін талқылады. Қазақстан делегациясын конференцияға ҚР ҰҚК Лаңкестікке қарсы күрес орталығы штабының бастығы Кендебай Адамбеков бастап барды.
Конференцияда қабылданған қорытынды құжатқа сәйкес, жоспарланған Ауғанстандағы шетелдік әскери қатысуды қайта құрылымдауды және аймақта тұрақсыздық толқыны өрши түседі деген болжамдарды назарға ала отырып, делегациялар бәрінен бұрын АИР-мен шекаралас аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастықты тереңдету керектігін айтты. Бұл тұрғыда Ауғанстанның өзі және оған көршілес барлық мемлекеттер ұйымның мүшесі немесе бақылаушылары болып табылатын Орталық Азиядағы жалғыз ұйым — ШЫҰ-ның салыстырмалы түрдегі артықшылықтарын қолдану қажет.
Конференцияға қатысушылар өз мемлекеттерінің БҰҰ-ның Жаһандық контртеррористік стратегиясын толық форматта жүзеге асыруға белсенді қатысуы керектігін қуаттады.
Конференцияға қатысушылар ШЫҰ мақсаттары, міндеттері және қағидаларын құрметтейтін халықаралық және аймақтық ұйымдар мен мемлекеттермен бүкіл әлемде бейбітшілік және тұрақтылықты сақтау мәселелері жөнінде сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Олар әлемнің барлық мемлекеттерін халықаралық лаңкестік ұйымдарға қатысты «қосарлы стандарт» саясатынан бас тартуға шақырды.
Делегациялар, сондай-ақ, мұндай конференцияны жыл сайын өткізу туралы уағдаластыққа келді.