Мұндай сұмдық оңтүстікте бұрын-соңды болмаған. Ордабасы жерінде 6 ай бойы қаңғырып, көше кезген қария көшенің қақ ортасында жатып көз жұмды. Жұрттың ішінен жанашыр адам таппай, қайырымсыздықтың құрбаны болған қария көшеде ұйықтап жатқан кезде аяғын көлік басып, соңғы екі айда мүлде мүгедек болып қалған екен. Әжейдің өзі биліктегілерден соңына дейін көмек күтіпті. Мұны ауылдастары айтып отыр.
Оразбек Қалмұрзаев, Бадам ауылының тұрғыны:
— Бұл әйелдің жатқанына кемінде 6 ай уақыт болды. Ол мына жерде жатқан, сосын анау біздің 3 дүкен бар, сол жақта жатқан. Бадамда жатқанына 6 айдай болды. Құзырлы органдардың бәріне айтылды негізі. Ары қарай жалғасқан жоқ.
Марқұмның есімі — Нүрия Бекбауова. Осы ауылда бірнеше жыл тұрған. Тіпті, ұлы мен қызы да бар екен. Көшіп кеткеніне бірнеше жыл өткенде әжей ауылды аңсап, осында келген. Тек құжаттарын жоғалтқан болуы керек, көшеде қалыпты. Бірақ артынан іздеп келген ұл мен қыз жоқ. Оның үстіне қария туберкулезбен ауырған. Қағазы болмаған соң дәрігерлер қарамаған, полицейлер де көше кезген қартқа мән бермепті. Ауыл әкімдігі болса, аудандық ауруханалар мен полицейлерге ауызша ескертумен шектелген.
Бақыт Ақынов, Бадам ауылдық округі әкімінің орныбасары:
— Біз бұны қайтадан тиісті органдарға айтуымен болдық ауызша. Мынаны алып кетпесең болмайды деп, олар мұны алып кетуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. Өйткені тұрмайды. Қашып кете береді. Құжаттары жоқ. Қабылдай алмаймыз дейді.
Полицейлер мәйіттің жатқан жеріне біз хабар берген соң 1сағаттан кейін ғана келді. Марқұм әжей болжам бойынша түнгі суыққа шыдамай, қайтыс болған. Ал тұрғындар қанша мәрте құлаққағыс қылған учаскелік инспектор Дәулет Ноғайбеков ең соңында жетті. Онда да өз қызметінен бас тартып, оқиға орнынан тайып тұрды.
— Жоқ, учасковый емеспін.
– Сіздерге хабарлама түсі ме мына әйелдің жатқаны туралы?
– Неше рет түсті.
Сан рет жергілікті тұрғындар мен әкімдіктің айтқанына құлақ аспаған полицейдің кінәсі тексеріледі дейді ауданнан келген погондылар. Ал таңертең шақырылған жедел-жәрдемді түс мезгіліне дейін күте-күте шаршаған полицейлер мүрдені мәйітханаға өздері алып әкетті.
Марқұмның денесі Ордабасы аудандық мәйітханасына әкетілді. Ал туыстарына іздеу салынатын болды. Тұрғындардың айтуынша, көшеде қайтыс болып жатқандардың басы бұл емес. Бір жыл бұрын осы ауылда жүрген тағы бір азамат көшеде қағып жүріп өлген екен. Ордабасылық полицейлер мен әкімдіктің бейқамдығынан бүгін тағы бір қарт көшеде қайтыс болды.