Назарбаев, Путин және Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 485.82
  • 554.03
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев, Путин және Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа  қол қойды

Назарбаев, Путин және Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды

Жаңалықтарымызды бүгінгі күннің ең басты ақпаратынан бастаймыз. Бүгін Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Тәуелсіздік сарайында тиісті келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері қол қойды. Енді ол тура 8 айдан соң өз күшіне енуі тиіс. Сөйтіп мемлекет басшылары әлемде тағы бір қуатты одақ пайда болғанын қуанышпен жария етті. Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы қандай болмақ? Оның көздегені тек интеграция ма?

  • 30 Мамыр 2014
  • 372
Фото - Caravan.kz

Бүгін соңғы жылдары түрлі дау мен келіспеушілікке арқау болған тақырыпқа соңғы нүкте қойылды. 20 жыл бұрын Мәскеуде айтылған Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы ақыры Астанада жүзеге асып отыр. Ал Еуразиялық экономикалық Одаққа қол қоймас бұрын Назарбаев, Путин, Лукашенко оңаша кездесіп соңғы әзірлікті пысықтап алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Еуразиялық экономикалық одақтағы барлық келісімдер орыс тілінде қабылданады. Бірақ, одаққа мүше елдердің мемлекеттік тіліне аударылып отырады. Сондықтан тіл бойынша ешқандай кемсітушілік болмайды. Шарт өте сауатты әзірленіп, онда мемлекеттердің мүдделері толық ескерілген.

Ал бұл жерде Ресейдің негізгі «ойыншы» екені жасырын емес. Өйткені экономикасының көлемі Беларусь пен Қазақстаннан бірнеше есе жоғары. Алайда Ресей президенті үш мемлекеттің құқықтарының шектелмейтінін әрі тең дәрежеде болатынына сендірді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

-Біз әр мемлекеттің тәуелсіздігін толық сақтай отырып интеграцияның жаңа кезеңіне шығып отырмыз. Алдағы жылдары қуатты ұйымға айналатынына сенемін. Ал одақ жанынан құрылатын басқарушы органдар ешбір мемлекеттің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді деп сенемін.

Ал Одаққа қатысты екіұшты мәлімдеме жасайтын Лукашенко бүгін ақталғандай әсер қалдырды.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

-Мені қандай бір жеңілдік алу үшін үнемі саудаласып жүр деп айтады. Ондай болған емес. Одақта 3 мемлекетте тең. Біз шартқа өз еркімізбен барлығын саралап қол қоймақшымыз.

Оңаша кездесуден соң, қатарға Армения мен Қырғызстан президенттері қосылды. Қос мемлекет енді 1 шілдеге дейін тиісті құжаттарын әзірлеп, жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық одаққа қосылатын болды. Осыдан соң Назарбаев, Путин, Лукашенко кең залға бет алды. Мың беттен асатын шартқа қол қою үшін. Келісім бойынша, 170 млн халқы бар нарықта, 3 мемлекет жұмыс күші, тауар мен капиталдың айналымына кедергі келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ, қаржы, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, сияқты маңызды салаларда келісілген саясат жүргізеді. Ал шарттан азаматтық, ортақ валюта, ортақ заң шығару органдары секілді талап мүлдем алынып тасталған. Осыған өзара келіскен Назарбаев, Путин, Лукашенко бүгін Еуразиялық одақ туралы шартқа, салтанатты жағдайда қол қойды.


— Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Астана, 29 мамыр.

Залға жиналғандар ұзақ қол соғып, қол қою рәсімін мерекеге айналдырып жіберді.Президенттер болса,әлемде тағы бір интеграциялық ұйымның құрылғанын қуана мәлімдеп, оның 3 мемлекет тұрғындарының тұрмысын түзеу үшін «өте пайдалы» деп сендірді. Сонымен қатар бұл Кеңес Одағын қайта тірілту емес, таза экономикалық жоба дегенді жиі қайталады.

-Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойған құжатты енді 3 елдің жоғарғы заң шығарушы органдары мақұлдауы тиіс. Депутаттар тарапынан ешқандай қарсылықтың болмайтыны белгілі. Сондықтан тез бекітіп беретініне күмән жоқ. Өйткені Еуразиялық экономикалық Одақ 8 айдан кейін яғни 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмыс істей бастайды. Ал одақтың қызметін реттеп отыратын басты Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде, Еуразиялық сот Минсикіде орналасатын болды. Одақтың қаржы жүйесін реттеп отыратын орталық Алматыдан ашылмақ.