— Садық Шоңмұрынұлы, жартылай финалға дейін алқынбай жеткен шәкіртіңіз Руслан Әбдіразақовқа алтын белдікті иеленуіне не кедергі болды деп есептейсіз?
— Оның финалға дейін жетіп, бас жүлдені жеңіп алатын мүмкіндігі болды. Мен де сондай талап пен мақсат қойған болатынмын. Ол соны толыққанды орындамады. Әйтеуір жүлдесіз қалғаннан жақсы ғой деген ниетпен өзімді-өзім өтірік жұбатып тұрған жайым бар. Русланның күші қарсыластарына жетіп тұрды. Бірақ, тактикалық, техникалық жақтан қателіктерге бой алдырды. Сөйтіп қолында тұрған жеңісті уысынан шығарып алды. Кейде әдіс жасайтын кездерде әдісті қолданбай уақыт созып жүріп алды. Бұл жарыс, бұл бәсеке болған соң уақытты ұтымды пайдалану керек. Өзі аз ғана уақытта бір мүлт кетсең болды, ары қарай ештеңе өндіре алмайсың. Дегенмен мұндай жағдайлар спортта кездесіп тұрады. Бап пен бақтың қатар келуі де маңызды. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді ғой қазекем. Өмірдің мұнымен тоқтап қалмасы анық. Алдағы сындарда көздеген нысаннан мүлт кетпеу үшін барымызды саламыз.
— Ұлан Рысқұл осы Русланның туған ағасы екенін жақсы білеміз. 2011 жылы ол тұңғыш «Қазақстан Барысы» атанды да, қайтып ешқандай нәтиже көрсете алмады. Яғни, 2012-2013 жылдары ширек финалға жетпей сүрінді. Ал биыл мүлдем қатысқан жоқ. Ұланның атағы ескіріп бара жатқан жоқ па?
— Атақ ешқашан ескірмейді. Ол мүлдем күресті тастап кетсін, атағы оны тастап кетпейді. Қазірдің өзінде Ұлан кез-келген бір жерге бара қалса, «бұл баяғыдағы «Тұңғыш Барыс» атанған бала емес пе?», — деп жатады. Міне, атақтың ескірмейтіндігінің белгісі.
— Соңғы жылдары неге бозкілемнен көрінбей кетті?
— Әр нәрсенің өз уақыты болады. Өз кезінде белдесті. «Тұңғыш Барыс» деген атағын алды. Әрине, тағы да күресіп, тағы да сол атаққа жетіп жатса, ол артық қылмас еді. Көрдіңіздер ме? Жыл сайын, бір балуан «Барыс» атанып жатыр. Бұл қазақ күресінің дамып келе жатқандығының белгісі. Биыл Ұлан облыстық іріктеуден бесінші орын алып қалып, финалға берілген жолдамадан қағылды. Осыған қарап, облысымыздың өзінде қазақ күресіне деген бәсекелестіктің күшті екенін аңғаруға болады. Ұланның жолын қуған шәкірттері өзінен асып түсіп жатыр.
— Биыл төрелікке жоғары баға беріп жатқандар көп. Ал сіздің әділқазыларға көңіліңіз толды ма?
— Қанша жерден әділ өтті десек те, бірлі-екілі ұсақ қателіктердің орын алатыны анық. Мысалы, Руслан төрт айла жасағанымен, «қарсыласының тізесі жерге тиген жоқ» деп есептемеді. Бірақ екінші балуанға да ескерту берілмеді.
— Сонда Русланға төреші дұрыс шешім жасамады ма?
— Жоқ, бұны кішкентай ағаттық деп есептеу керек. Мұндай ағаттықтар Әлем чемпионаттарында да, Олимпиада ойындарында да орын алып жатады. Сондықтан «лақты ешкінің дауын, боталы інгенге сатуға болмайды». Жалпы жарыс әділ, таза, айғай-шусыз өтті. Бізге керегі осы.
— Өзіңіз шәкіртіңізге қандай талап қойып едіңіз?
— Мен ешқашан шәкірттеріме төмен талап қойып көрген емеспін. Қойғым да келмейді. Мен әркез шәкірттерімнен жеңіс күтемін. Қолымнан келген жақсылықтың бәрін үйретуге тырысамын. Жоғарыда атап өттім ғой, Русланға бұл үшінші орын үлкен жетістік емес. Ол менің талабымды қанағаттандырмады.
— Биылғы дода тосынсыйларға толы болды. Жаңа жеңімпаз бен жүлдегерлердің есімі анықталды. Фавориттер жарыс жолынан ерте шығып қалды. Бұған не себеп? Әлде бұған дейінгі жеңімпаздар қарсыластарын менсінбей шықты ма?
— Иә, менсінбеушілік жағы да бар. Негізі, бұл жерде өзіне шектен тыс сену балуандарды ұраға құлатады. Өзіне өзі мықты көріну спортшының ең үлкен дұшпаны. Міне, осы өзінің дұшпаны өзін қарсыласына жығып береді. Сондықтан ешқашан адам өзіне өзі разы болмау керек. Әсіресе спортта өзіңді керемет санадың ба, сол күні, сол жерде қарсыласыңа есе жібергенің.
— Біздің балуандар осы жеңістерінен кейін, жаттығу залдарынан гөрі той-томалақта, отырыс-жиындарда көбірек жүреді. Біз құрметтеуді шектен асырып жіберіп жатқан жоқпыз ба?
— Бұл жобаның бастау алғанына аз ғана уақыт болды. Төрт жылда шыққан төрт «Барысымыз» ғана бар. Бұларды еркелетпей кімдерді еркелетеміз. Бұл қазақ күресінің болашағына жасалып жатқан үлкен жоспар. Бүгінгі «Барыстарды» осылай сыйлау, марапаттау, құрметтеу арқылы болашақ жастарды төл күресімізге көптеп тартамыз. Сол арқылы ұлттық күресімізді Олимпиада ойындарына енгізіп жатсақ, бұл бүгінгі ұрпақтың ұлт алдындағы өтеген парызы болар еді. Менің ойымша, дәл қазіргі таңда осындай құрмет жарасады.
— Соңғы кездері «Қазақстан барысы» атанған балуандарды теледидардан жиі көретін болдық. Бұл бір қарағанда ұлттық спортымызды насихаттап жатқан сияқты көрінеді. Біз сол арқылы балуандарымыз жұлдыз ауруына шалдықтырып жатқан жоқпыз ба?
— Көп елдерде тіпті Олимпиада чемпиондары спорттық ғұмырын аяқтаған соң қара жұмыс істеп не жеке спорт клубтарында жаттықтырушы болып қызмет етеді. Яғни, көп жағдайда олар қоғамға аса қажетсіз болып қалып жатады. Спортымыз қарқынды дамығанда мұндай жайттан біз де айналып өте алмаймыз. Ал әзірге елімізде Олимп тұғырын бағындырғандар да, бүгінгідей аламанда топ жарғандар да саусақпен санарлық. Сондықтан олардың ұлықталуы заңдылық. Халық өз батырларын көргісі, естігісі кеп тұрады. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады?» Мұның, өзіңіз айтқандай, ұлттық күресімізді дамытуда үлесі орасан. Жарнама, насихат арқылы төл спортымыздың ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Ал уақытын орынды жұмсай білу, жаттығуы мен өзге де жұмыстарын үйлестіре білу әр балуанның өзіне ғана байланысты.

