Қарғалы өзені бойындағы туристік базада демалып жатқан бұл балалардың басым бөлігі сотқарлығымен көзге түсіп, талай мәрте тәртіп сақшыларына ұсталған.«Бүркіт» әскери-патриоттық клубы олардың басын қосып, жазғы демалыста жөнге салуды ұйғарыпты. Бұл бастаманы Ішкі істер басқармасы мен прокурорлар да құптап отыр. Жанашырлыққа барған жағалыларды жасөспірімдер алғашқыда жатсынғанымен, қазір шенділердің шын ықыласын ұға бастапты.
Серік Сағиев, «Бүркіт» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
-Әскери формада отырғаныма қазір үйренген. Кешкілік алау жанында әңгіме айтып отырғанымда, осы формаммен олар суретке түседі. Ішкі сырларын айтады. Бұзықтығын бетіне басып емес, баланың жанын түсініп түзу жолға салу керек. Қазір нәтижесі де жоқ емес.
Туристік базада қазір 40 бала тәрбиеленуде. Араларында бесіктен белі шықпай жатып арақтың дәмін татқандары да, күні-түні көше кезіп сабақты ұмытқандары да бар. Клуб мүшелері олардың да тілін тауып, түзу жолға түсуіне көмектесуде. Мұны демалып жатқан балалар да мойындайды.
Михаил Брызгалов, тәрбиеленуші :
-Осы лагерге келмегенде мен бұзық болдым. Мен өте жақсы өзгердім. Енді бұзықтық жасамаймын.
-Бүркіт» патриоттық клубының туристік базасында күніне түрлі тәрбиелік бағдарлама қарастырылған. Мысалы, бүгін қазан көтеріп, ет асып, кешке дастархан басында ақсақалдардың ақылын тыңдайтын болады.
Жасөспірімдер күндіз спорттық ойындармен машықтанады. Екі топ болып туристік жорықтарға да шығады екен. Ол үшін барынша жағдай жасалыпты. Қайырымдылық қорлары қаржылай қолдау танытатын болса, жаз бойы әлі тағы елуге тарта баланы лагерьлеріне қабылдауды жоспарлап отыр.