Бұл өзеннің аты Поганка. Батпақтың қолқаны қабатын иісінен жұрт оны осылай деп атап кеткен. Бірнеше жыл бұрын шенеуніктер өзенді абаттандыруды қолға алған болатын. Астына бетон төгіп, жағалауын қамыстан тазартты. Бірақ, бастаған істерін аяғына жеткізген жоқ.
Лариса Васильева, Өскемен қаласының тұрғыны:
— Өкінішті-ақ! Бұл жерді әдемілеп жөндеп қойса халық риза болар еді. Басында соған үміттеніп едік.
Бір кездері бұл жерде мөп-мөлдір су ағып, қаланың ең көрікті жеріне айналады деп уәде берген шенеуніктер бөлінген 300 млн теңгені жұмсап қойып, енді тағы да қаржы керек деп ауыз ашып отыр. Қазір бұл жерде шалшық судан шыққан иістен қыдыру түгілі, тыныстау мүмкін емес.
Наталья Кондрашенко, Өскемен қаласының тұрғыны:
—Бұл бір кездері жап-жақсы өзен болды ғой. Үлбіден шыққан сағасы Ертіске түсетін. Барлығы келмеске кетті. Қалпына келтіру мүмкін емес енді.
Дәл осы өзеннің үстінен өтетін көпірдің асты егеуқұйрықтардың мекені болып кетті қазір. Үлкендігі кішігірім қояндай болатын кеміргіштер енді өткен-кеткеннің жүрегін ұшыратын болған. Олармен бірге Поганканың маңайы қаңғыбастардың сүйікті орнына айналып барады. Жобаны бастап, аяқтай алмай отырған жергілікті биліктегілер Үкіметтен тағы 300 млн теңге сұрап отыр. Оны да жаратып жібермей, енді жұмысты аяғына жеткізсе болғаны.