Хабарламада көрсетілгендей, Көкшетау қаласының ІІБ көші-қон полициясының бөлім инспекторы толтырған әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі хаттамаға сәйкес, 1990 жылы туылған АҚШ азаматы Макрайт Майкл Гордонның құжаттарын тексеру барысында анықталғаны — шетелдік азаматтың ҚР болу мақсаты визасында "туристік мақсат" деп жазылған. Алайда оның мұнда тілдер орталығында ақылы түрде алғылшын тілін оқытып, жұмыс істегені белгілі болды.
Сол себепті аталмыш АҚШ азаматының үстінен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 394 бабының 3 бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалған болатын.
Бүгін осыған байланысты Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралатын әкімшілік істе сот шетелдік азаматты кінәлі деп таныса, ол аталған бапта қарастырылған жазаға сәйкес 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлеуі немесе он тәулiкке дейiн мерзімге әкiмшiлiк қамауға алынуы мүмкін.