-Ораза айы ғой, соқыр болсын, қасымызда жүрсін, сосын көрейік қандай болғанын.
Атыраудағы 150-ге жуық зағиптың мұңын арқалаған бастамашыл топ бүгін әкімдік алдына жиналды. Бұл жолы өздерін 2 жылдан бері әуре-сарсаңға салып қойған шенеуніктердің жұмыстан кетуін және көмекшілердің жұмыс табелінің қайтадан қаралуын талап ете келіпті.
Бөкенбай Шәмкенов, Бірінші топтағы мүгедек
-Бізді 15 ай бойы қорлап келе жатыр. Бережақты 36 мың бермейді. 10 мың, 3-4-5-6 мың солай беріп отыр. Ал қаулысында басқаша көрсетілген.
Әмір Үмбетов, Бірінші топтағы мүгедек:
— Жеке көмекшілеріміз барса, мәжбүрлеп кәдімгі сен 4 сағат жазасың, 4 сағат жазса, неге 2 сағат жазбайсың деп айқай шығарып жатыр іште. Сара деген біреу шығыпты, айтпайтын сөзі жоқ .
Даладағы айқай-шу аздан соң қалалық әкімдік ішінде жалғасты. «Алған бетімізден қайтпаймыз» деген зағиптар мәселені қала әкімінің алдына қойып, тиісті орындардың араласуын талап етті. Тіпті өздерін анда-мұнда жүгіртіп қойып, бүгін әкім алдында ақталмақ болған шенеуніктердің ауыздарын да аштырған жоқ.
— Сондықтан түсіндіргім келеді.
— Түсіндірме. Барлығың заңды бұзып отырсыңдар.
— Тыңдағым келмейді. Бос сөзді жарты жылдан бері тыңдап келем.
Жағдаймен құқық қорғау орындары да жақсы таныс болып шықты. Олар да мүгедектердің сөзін сөйлеп жағдайды осынша ушықтырған жауапты адамдарды жазалау керек деп отыр.
Владимир Малахов, Атырау қаласы прокурорының орынбасары:
—Әкім ретінде осы мәселені өз қарауыңызға алыңыз. Және әкімдіктің жауапты тұлғаларын жауапқа тарту керек. Ескерту беретіндей уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Мүгедектер мен олардың көмекшілерінің талаптары заңды.
3 сағатқа жуық созылған айқай-шудан соң қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтан жағдайдың шешілетіндігі туралы уәдесін алған мүгедектер тамызға дейін уақыт берді. Егер мәселе реттелмесе, наразылықтарын Астанада жалғастыруға бел буған.