-Бір қараған көзге кәдімгі ауылдағы тіршілік, қора-қопсы, сарай, жайқалған бау-бақша. Тек бұл үйдің ауласы ерекше. Мұнда тапшанның орнында телекамералар толып тұр!
Эльмира Саражева – ауылдың қарапайым тұрғыны. Таңсәріден тұрады. Мал қарайды. Тек оның ауласында актерлар толып жүр. Бас-аяғы 25 адам Эльмираның үйінде жабылып, телехикая түсіруде. Ал нағыз қызық ұлы Камалдікі. Кілең танымал әртістердің ортасында күнде ойнайды.
Камалбек Дулаев:
-Менің үйімде телехикая түсіріп жатыр. Сол үшін лагеръге де бармадым. Кілең танымал әртістер менің үйімде. Әрине, қуаныштымын.
Режиссер қораның іргесінде отырып бұйрық берсе, әртістер әтештің әуеніне ілесіп рөл ойнауда. Бәрі шынайы. Жасандылық атымен жоқ!
Гүлнәр Аманжанова, актриса:
— Ауасы кең, сондай мол, мына жерде су ағып жатыр, бұлақтың суы. Сол бұлақтың суын ішіп тоймай жүрміз біз. Күнде үйге алып кетеміз. Керемет енді, тамаша!
—Әй, Заттыбек, кім келді?
-Құдалар келді!
Құда-құдағилар рөлінде – Бақытжан Нүрпейісов, Ирина Ажмұхамедова, Гүлнәр Аманжанова, Ерболат Оспанқұлов. Олар бұл жолы ауылда бір шаңырақ астында өмір сүреді. Құдайдың құтты күні басы қосылған төртеу небір қызық жайттарға тап келеді.
-Әй, Пернегүл,мына ақымағыңды сабасына түсір.
-Не болды?
-Мына Бекжан Смағұлұлы менің сөмкемді көтеруге көмектесіп қойып еді, мына албасты қатын тап берді маған!
-Сұмырай!
– Өзің сондайсың.
Талай қызыққа батамын десеңіз, қыркүйек айында КТК арнасынан жаңа сериалды жіберіп алмаңыз. Отбасыңызбен бірге «Құдаларды» қараңыз.