— Есіме салып жіберіңізші, не жағдай еді?
— Жобалау құжаты. Сол туралы.
Бір қызығы, сот басталғалы бері экс-шенеуніктің қылмысын көзбен көрдім, білдім деп келген куәгерлердің барлығы дәл осылай шетінен сөзден сүрініп, прокурорлардың үмітін ақтамай алмауда. Бүгінгі куәгер, яғни Білім және ғылым министрлігіндегі департаменттің бұрынғы басшысы да алдын ала қағазға жазып алғандарын оқып ежіктеді, одан қалса бұған дейінгі айтқандарынан жаңылды. Ал мемлекеттік айыптаушы мен адвокаттар сұрағының тең жартысына: «бұған менің қатысым жоқ» немесе «оқиғаның айын, күнін ұмытып қалдым» деп бір сағат бойы сотқа қатысушыларды әбден әбігерге салды. Бірақ ол тергеу кезінде Саят Шаяхметов пен оның сыбайластарының заңсыз әрекеттерін әшкерелейтін том-том түсінік берген екен. Саят Шаяхметов пен қос құрылыс компаниясының басшылары Өскемендегі болашақ инженерлерді дайындайтын мектептің құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қазына қаржысын жымқырды деп айыпталуда.