Павлодарда тұрғындар шенеуніктерге алдандық деп шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.02
  • 552.23
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда тұрғындар шенеуніктерге алдандық деп шу шығарды

Павлодарда тұрғындар шенеуніктерге алдандық деп шу шығарды

Павлодарда тозығы жеткен үйлердің тұрғындары шағымдануда. Олар жылдар бойы жергілікті билік өкілдерінің берген уәдесіне сенуден қалған. Былтыр саманнан салынған ескі тұрғын үйлердің бесеуі бұзылып, орнына «Сарыарқа» ықшамауданында жаңа үйдің құрылысы басталған еді. Бір жылға жуық уақыт өтсе де, құрылыстың іргетасы ғана қаланыпты. Мұны аңғарған аудан тұрғындары оларға кезек жеткенше апатты жағдайда тұрған үйлердің астында қаламыз ба деп алаңдауда.

  • 15 Тамыз 2014
  • 274
Фото - Caravan.kz

Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық дейді тұрғындар. Өйткені жаңбыр жауған сайын төбеден су ағып, аздап жөндеп қойған қабырғалар қайта жарылады екен. Тіпті пәтердің төбесі құлауға шақ тұр.

 Нұрсия Бабырова, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Түнде  ұйықтауға қорқамыз. Жаңбыр жауады. Төбеден түсіп кетеді деп қорқамыз. Балалар бар біттей. Білмейміз не істейтінімізді. Әкімдік  қайда қарап отыр?

Осындай мәселелерді алға тартқан тұрғындар биылғы қыста жағдайларының қалай боларын білмейді. Бұған қоса, шенеуніктер уәде еткен жаңа ықшамауданның құрылысы да кідіріп тұр.

— Мына аумақта «Алюмийнстрой»  шағын ауданы тұрғындарына арман болған 12 қабатты үйдің құрылысы тоқтап тұр. Шенеуніктердің жоспары бойынша 132 пәтердің кілті өз иелеріне дәл қазір, яғни тамыз айында берілуі тиіс еді. Алайда тұрғындар апатты жағдайдағы ескі үйлерде тұруға мәжбүр болып отыр.

Осылайша былтыр бұзылған бес үй тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Орнына салынбақшы болған мына тұрғын үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 880 млн теңге бөлініпті. Бірақ оны салуға міндетті «Қарағанды-құрылыс» серіктестігінің жұмысы белгісіз себептермен бәсеңдеп қалған.


 Ержан Асылбаев, Павлодар қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

— Қаржыландыру жоспары бойынша олар бір айда  миллион теңгені игеруі тиіс еді. Ал олар тек 10-15 млн теңгені игеріп отырған. Сондықтан құрылысты жалғастыру мүмкін болмады.

Қалалық құрылыс бөлімі бүгінге дейін міндетін уақытылы атқармай келген мердігермен жұмысты тоқтатуды ұйғарған. Сот та сондай шешім шығарды. Ал мердігер мекеме болса, бұл шешімге наразылық білдіріп, қарсы шағым жазған. Осылайша екі тарап соттасып жатқанда, тұрғындар қауіпті үйде тұруға мәжбүр болуда.