Мұнайға бай Атыраудың тұрғындары ауыз суға жарымай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 487.02
  • 552.23
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұнайға бай Атыраудың тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Мұнайға бай Атыраудың тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Атыраудың іргесінде орналасқан ауыл ауыз суға жарымай отыр. Махамбет ауданына қарасты Ескі Сарайшық елді мекенінің тұрғындары «Ақбұлақ» бағдарламасының қызығын тек қағаз жүзінде көріп жүргеніне ашулы. Оның үстіне ауылға келіп тұрған су тазартатын қондырғының жұмысын тоқтатып тастап, оны сата бастаған ауыл әкімінің әрекеті де жағдайды одан әрі ушықтырған. Тақырып түйінін тілшіміз тарқатып айтады.

  • 15 Тамыз 2014
  • 404
Фото - Caravan.kz

Кезінде Алтын орданың астанасы атанған Сарайшықтың, қазір Ескі Сарайшық деп аталатын елді мекеннің тұрғындары бұлар. Жайықтың іргесінде орналасса да, ауыз суға жарымай отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша салынған тәулігіне 150 текше метр ауыз суды тазартып шығаратын қондырғының жұмыс істегенінен тұруы көп. Есесіне ауыл әкімдігі қазір бір машина суды 2000 теңгеден сатып, қызығын көріп отыр дейді тұрғындар.

Мәрия Сұлтанғалиева, Ескі Сарайшық елді мекенінің тұрғыны:

— Водовоз шықты 2000-нан халыққа су құйғызды. Соның бер жағында енді келгенде "Ақбұлақ" бағдарламасын жауып тастады. Үй басына 3000-нан ақша жинады, айына 4000-ға екі рейстен құйдырамыз.

Алтай Құспанғалиев, Ескі Сарайшық елді мекенінің тұрғыны:

 — Түбіртектерінің  сықпыттары мынадай, міне тұр, ешқандай мөр де жоқ, дым жоқ, ештеңе жоқ.  Тізімінің  сықпыты мынау, бізде ешқандай кассир де жоқ, осылай жинап алған ақшаны халықтан.

Аудан атқамінерлері бұл жағдаймен таныс. Олардың айтуынша, бұған суды сатып отырған ауыл әкімі емес, тарифті бекітетін агенттік кінәлі екен. Себебі, осы уақытқа дейін судың бағасы реттелмеген. Дегенмен, 1 жылдан бері дауға ұласып келе жатқан мәселе жақын күндері шешімін табатын сияқты.


Әділбек Зайдуллин, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары
:

— Қазіргі уақытта антимонопольный комитетпен тариф бекіту бойынша жұмыстар жүріп жатыр, тариф тамыз айының аяғына дейін бекітіледі деп отырмыз. Егер де бекітілген жағдайда барлық Ескі Сарайшық ауылындағы үйлерді сумен қамтамасыз етеміз. Мәселе осы 15-20 күн ішінде шешімін табады деп отырмыз.

Ауыл ішіндегі әр үйге тартылған 9 шақырымға жуық су құбырының қазір көзге күйік болып тұрған жайы бар. Тұрғындардың айтуынша, олар «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынғанға дейін іргедегі Жайық өзенінің суын тасып ішкен. Ол арзан, бір машинасы небары 1500 теңге болатын, — дейді. Ал үйге келіп тұрған құбырдан жуық арада су жүрмесе, олар жоғарыға қағаз жүзінде ғана есеп беретін әкім-қаралардың орнынан кетуін талап етеміз дейді.