-Жарылыстан бір студенті қаза тапқан Сән және дизайн колледжіндегі жағдай бүгін біршама тұрақталып қалған. Студенттер сұмдықты бастан кешірсе де сабаққа келіп, оқу процесіне кірісіп кеткен. Десе де студенттер де, білім ордасының басшысы да тілшілермен тілдесуді құп көрмеді. Ішке де кіргізбей қойды.
Ал кеше граната жарылған аудиторяның сынған әйнектері қалыпқа келтіріліпті. Студенттер сабаққа кірмес бұрын, қайғылы жағдай орын алған сыныптың алдына гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр. Онда жарылыстан қаза тапқан Светлана Яковлеваның суреті ілінген. Әрі марқұм жайында жазылған жазбалар да үстел үстінде жатыр.
Кристина Чепин, марқұмның құрбысы:
-Светланамен 8 жасымнан бері таныспын. Ең жақын құрбысы едім. Үйіміз де бір жерде. Үнемі бірге жүретінбіз. Өте ақкөңіл әрі көңілді, өмірге құштар жан еді. Оны өткен сенбі күні көргенмін. Сол кезде құрбымды соңғы рет көргенімді қайдан білейін. Мен оны ешқашан ұмытпаймын.
Студенттер осылай қайғылы жағдайда оқуын жалғастырып жатқанда, колледж маңайын саперлар таңнан бері тінтіп жүр. Бірі осы төңіректі иісшіл итермен барласа, енді бірі жарылғыш зат іздейтін құрылғымен қарап шықты. Бұл оқушылар мената-аналардың, ұстаздардың қауіпсіздігі үшін жасалған.
Елена Кулакова, колледж студентінің анасы:
-Балаларымызды сабаққа жіберген соң ол жақтан білім алып, аман-есен үйге оралғанын қалаймыз. Қатты қорқып қалдық. Қызымды енді оқытпаймын деп ойладым басында. Бірақ бүгін сабаққа шақырған соң жіберіп отырмын.
Студенттер алғашқы әскери дайындық сабағында отырғанда қол гранатасы жарылып кеткен. Салдарынан 16 жастағы студент қыз қаза тапты. Тағы 12 жасөспірім ауыр жарақатпен аурухана жеткізілген-ді. Бесеуі қазір өлім мен өмір арасында жатыр. Ал, осы қайғылы оқиғаға себепкер болды деп айыпталған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, 47 жастағы Ғабит Қарабалаев қазір қамауда отыр. Полицейлердің айтуынша, жарылыс кезінде ол да аудиторияда болыпты. Бұған дейін оның гранатаны студенттерге ұстатып, кетіп қалғаны айтылған болатын.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
-Қазіргі таңда түсініктеме жауаптарын беріп жатыр сезікті тұлға. Енді осы оқу орнында жарылғыш заттың қайдан пайда болғанын, нақтырақ айтсақ кімге тиесілі екендігін анықтаймыз.
Айдың-күннің аманында жараланып қалған жасөспірімдер болса, әлі аурухана кереуетінде біраз уақыт жататын көрінеді.Көбісіне операция жасалып, денелерінен гранатаның жарықшақтары алынғанымен, өз-өздеріне келе алмай жатыр.