Серік Ахметовке ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Серік Ахметовке  ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды  деген айып тағылды

Серік Ахметовке ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды

Жаңалықтарымызды Астанадан жеткен сенсациядан бастаймыз. Бүгін экс-премьер Серік Ахметов екі айға қамауға алынды. Министрлер кабинетінің бұрынғы басшысы аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып жатыр. Бірақ, денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Ахметов изоляторға емес, ұйқамаққа алыныпты. Бұл тосын хабар күллі елді бір дүрліктіріп тастады. Себебі бұл жолы қатардағы шенеунік емес, тұтас бір Үкіметті басқарған адам шатылып жатыр.

  • 20 Қараша 2014
  • 399
Фото - Caravan.kz

-Елімізде жемқорлыққа қарсы жаңаша күрес ірі мемлекеттік тұлғаның ұсталуымен басталды. Дүйсенбі күні Бас прокурормен Ақордаға кіріп шыққан, Қайрат Қожамжаровтың ведомствасы экс-премьер, бір ай бұрын өз еркімен отставкаға кеткен Қорғаныс министріне Қарағандыдағы былыққа қатысты айып тақты.

Бұл Серік Ахметовтың Астанадағы зәулім коттеджі. Экс-премьер үй қамақта осы үйінде отыруы мүмкін. Алайда, жақындау мүмкін болған жоқ. Әрі қарай күзет жібермеді.

-Бұл жерден терезесі тұмашаланған  көліктер өтеді. Біз тек жүргізушісін ғана көреміз.

Десек те, Серік Ахметов, қазір Қарағандының орталық саябағындағы мына коттеджіне жеткізілген деген ақпарат бар. Хан сарайындай үйді осы облысты басқарған кезінде салдырған екен. Есік алдында джипке мінген  тергеушілерді байқауға болады. Бір анығы, Ахметов Қарағандыдағы атышулы жемқорлық ісі бойынша, қамауға алынған.

-Тергеу істерінің аясында, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 1958 жылы туған Ахметов Серік Нығметұлына айып тағып, оған қатысты үйқамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Яғни, экс-премьердің 3 жыл бұрын Қарағанды облысын басқарған кездегі былығы шықса керек. Оның бірі, Серік Ахметовтың бастамасымен жүзеге асқан «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын құру жобасы. Мәліметтерге сүйенсек, оған бюджеттен ондаған миллиард теңге бөлінгенімен, қазына қаржысы әкімдікпен байланысты компаниялардың есепшотына аударылған. Оның үстіне екі ай бұрын өндірісті өңірдің бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, жеке фирмаларға мемлекеттің меншігендегі жерді тегін үлестіріп бергені үшін қазір қамауда отыр. Дерек көздерінің хабарлауынша, дәл осы Әбдішев, Серік Ахметовтың туысқандарына тиесілі компанияларға тендерді ұтып беріп, бюджеттің миллиардтарын қалтаға басыпты. Бұдан бөлек, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов пен мемлекет ақшасын талан-таражға салды деген айыппен ондаған шенеунік тергеліп жатыр. Осы былықты қазбалағанда, таяқтың ұшы экс-премьерге жетсе керек.

Ал экс-премьердің қамауға алынуы Есілдің сол жағалауын дүр сілкіндірді. Бүгін Мәжіліске келген Ахметовтың бұрынғы бағыныштылары ол туралы ештеңе айтқысы келмеді. Министрлер «түк білмейміз» деп барлығы тұра қашты.


-Естіген жоқпын, естіген жоқпын әлі.

Есесіне депутаттар белсенді. Батырып айтпаса да, абдырап қалған жоқ.

Азат Перуашев,Мәжіліс депутаты:

-Кінәсіздік деген  бар. Біз оған сенуіміз керек. Іске тек сот қана нүкте қояды.

Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:

-Жемқорлықпен күрес күшейтіліп жатыр ғой. Сондықтан ешқандай қызметке қарамайды. Мейлі, министр, әкім болсын. Жемқорлық соңы  түрме.

Осылайша 56 жастағы Серік Ахметов, шетелге қашқан Әкежан Қажыгелдинен кейін шатылып отырған екінші Үкімет басшысы. Бірақ Министрлер кабинетін басқарған кезде де ешқашан зілді мәлімдеме жасаған емес. Көлеңкеде жүргенді ұнататын.

Серік Ахметов:

 Бізден нақты жұмысты күтіп отыр. Сол сенімді ақтауымыз керек.

Бірақ сенімді ақтай алмай,1 жарым жылға жетпей тағынан түсіп қалды. Кейін Қорғаныс министрі болып тағайындалғанымен, онда да ұзақ тұрақтай алған жоқ.

-Осылайша,Қазақстан тарихындағы 8- ші премьер-министрдің  саяси карьерасына қара дақ түсті. Қазір Серік Ахметов пен оның Қарағандыдағы бұрынғы бағынышталарының атышулы материалдарымен, «Қорғастағы» былықты әшкерелеген тергеушілер айналысып жатыр екен. Ал жемқорлыққа қарсы күресті, ірі шортандарды тұтқындаумен бастаған Қайрат Қожамжаровтың Агенттігі, соңына дейін баратынын ескерсек, бұл Бергей Рысқалиевтың ісінен кем болмайын деп тұр.