Құжат президенттің қол қоюына жіберіледі.
Бұл келісім Астанада 2013 жылы 7 қыркүйекте бекітілді.
Оның мақсаты екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, Қазақстанның Қытайдағы және Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуына және жұмыс істеуіне тиісті жағдайлар қамтамасыз ету болып табылады.
Құжатқа сәйкес, қазақстандық тарап қытай жағына Астана қаласында Тәуелсіздік көшесінде Қытайдың Қазақстандағы елшілік ғимаратын салу үшін 3 гектар жерді 49 жылға уақытша пайдалануға береді.
Қытай тарабы Қазақстанға Пекинде үшінші дипломатиялық ауданда Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілік резиденциясын салуға 0,2316 гектар жер, төртінші дипломатиялық ауданнан 1 гектар жерді 49 жылға уақытша пайдалануға береді.
Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, тараптар жер телімдерін пайдалану құқығына құжат алған уақыттан бастап 60 күннен кешіктірмей 1 млн $ жалдау ақысын төлейді.
Әр тарап ғимарат салуға қатысты барлық жұмыс түріне шығынды өзі көтереді.