Газеттiң жазуынша, Президент әлемдік нарық жүйесіндегі қиындықтарға назар аударып, соған байланысты отандық экономиканы дамыту амалдарын да қайта қараған жөн екендігін айтты.
«Н.Назарбаев сыртқы экономикалық жағдайлардың да өзгергендігіне, отандық бизнеске соның аясында жұмыс істеуге тура келетініне тоқталды. «Қазақстан Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздерді аяқтады. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы сатысында тұрмыз. Келесі жылдан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусьтің экономикалық одағы жұмысын бастайды. Біздің мақсатымыз тек қана прагматикалық болып саналады, өйткені Ресей — 7,5 шақырым ортақ шекарамыз бар ең басты серіктесіміз. Қазақстан құрлықтың ортасында орналасқандықтан, теңізге шығатын жолы жоқ. Сол себепті де кедендік кедергілерді жоятын, жүктерімізді сыртқы нарықтарға бөгетсіз шығаратын Кеден одағы біз үшін маңызды мәнге ие», — деді Президент», — делiнген материалда.
***
«Айқын» басылымы «ЭКСПО-ға қандай құндылықпен барамыз?» деген тақырыппен мақала жариялап отыр. Онда газет: «әлем көз тігіп отырған көрмеде қазақ елi ұлттық құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық бай мәдениетін көрсете ала ма?» деген сауалға жауап iздейдi.
«Миллиондар Астанаға жиналатын, миллиардтар ақпарат құралдары арқылы қадағалайтын жаһандық жиында қазақ халқын жан-жақты таныту ойластырылған ба? Ұлттық өнер қаншалықты деңгейде дәріптеледі? Ұлттық дастарқан қандай дәрежеде қадірленеді? Төрткүл дүние тоғысатын айтулы көрмеде осының бәрі маңызды. Сәті түсіп тұрғанда, алыс-жақынға қазақ деген ежелгі ел екенімізді, мыңдаған жылдық қалың тарихымыз, жерін жүдетпеген, елін еңкейтпеген ұлағатымыз бар екенін паш етейік. «ЭКСПО — 2017» көрмесінде қазақ өнері мен тағамының ұлттық павильонын ұйымдастырайық. Онда қазақ қолөнері мен дастарқанының інжу-маржандары дәріптелсін. Миллиондаған меймандар көрмені аралап жүріп те, қонақүйлерде тынығып жатып та сауға — қуат, ауруға — ем-дәрі қымыз бен шымыр-шымыр қайнаған шұбатқа шөлін қандырсын. Сары ала қазыға тамсанып, бал қаймақ бармағын жалатсын», — делiнедi мақалада.
«Айқынның» келесi мақаласы Қазақстанға ресми сапармен алғаш рет Швейцария Конфедерациясының президенті Дидье Буркхальтер мен ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтык кездесуi барысында талқыланған мәселелерге арналған.
«Биік мәртебелі мейманды кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.
Жоғары деңгейдегі кездесу барысында қос мемлекет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықты нығайтудың негізгі мәселелерін талқыға салды.
Сондай-ақ президенттер назарынан халықаралық күн тәртібінде «күйіп» тұрған, көкейкесті мәселелер де тыс қалмады. Бұл тұрғыда Н.Назарбаев пен Д.Буркхальтер жеке сөйлесіп, пікір алмасты. Осы тұста Швейцарияның Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі іс басындағы төрағасы екендігін айта кеткен жөн. Осыған орай ұйым қызметінің шешуші қырлары да тілге тиек етілді. Бұл ұйымға қазақ елі басшылық еткен 2010 жылдан бері әлемдік және аймақтық жағдайлар күрт өзгеріп кетті. Бұл реттегі Қазақстанның тәжірибесіне қадірменді қонақ қызығушылық білдірді», — деп жазылады «Швейцарияға бiздiң ел тәжiрибесi қызғылықты» атты мақалада.
***
«Шымкентте өз балаларының өмiрiн қиған Ерлан Әлжановтың iсi бойынша сот үкiмi шықты», — деп хабарлайды ресми тiлде шығатын «Экспресс-К» басылымы.
«Кәмелетке толмаған екi ұлын өлтiрген қанiшер өмiр бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл жан түршiгерлiк оқиға былтыр қыркүйек айында Созақ ауданында орын алған. Полицияға денесi пышақтан тiлiм-тiлiм болған жiгiт ауруханаға түстi деген хабар түседi. Одан жауап алу кезiнде ол өз-өзiне қол жұмсамақ болғанын айтады. Сонымен қатар ер кiсi өзiнiң екi кiшкентай ұлдарын өлтiргенiн және кейiн үйiн де өртеп жiбергенiн айытты», — делiнген «100 лет одиночества» атты мақалада.