Қостанайлық прокурорлар оқушыларға ұялы телефон ұстауға тиым салмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қостанайлық прокурорлар оқушыларға ұялы телефон ұстауға тиым салмақ

Қостанайлық прокурорлар оқушыларға ұялы телефон ұстауға тиым салмақ

Қостанайдың прокурорлары оқушыларға қымбат телефондарды ұстауға тыйым салуды ұсынып отыр. Айтуларынша, бұл өңірдегі мектептерде бағалы телефондарды қолды қылу жиілеген. Құзырлы орын өкілдері осындай бастама арқылы қарақшылықтың жолын кеспек. Осы тың жаңалықты ұстаздар қолдағанымен, шәкірттер оған қарсы шығуда.

  • 25 Қараша 2014
  • 301
Фото - Caravan.kz

Қостанай мектептерінде жыл басынан бері 23 смартфон қолды болған. Сондықтан прокурорлар шәкірттерге білім ошағында қымбат қалта  телефонын ұстап жүрмеуге ұсыныс жасауда. Әлеуметтік желілерде қызу талқыланған бастамаға қатысты шәкірттердің пікірі қақ жарылған.

Глеб Панкратов, 5-сынып оқушысы:

-Ұялы телефон білім алуыма кедергі келтіреді. Менде айфон бар, бірақ үйге қалдырып кетемін. Рас, кей балалар оны мақтаныш үшін ұстап жүреді. Мен ондайларды түсінбеймін.

Жастардың басым бөлігі жүрсе де, тұрса да, тіпті тамақтанып отырса да қолдан ұялы телефонды түсірмейді. Сорақысы, жатар алдында ғаламторды бір шарлап өтпесе басы ауыратындары бар. Осылайша өскелең ұрпақ әп-сәтте әлеуметтік желінің құлына айналды. Тіпті мұны қалыпты жағдайға балайтындары бар. Сондықтан, қымбат телефоннан ажырауға құлықсыз.

Қолымнан тастамаймын. Ойын ойнаймын.Ән тыңдаймын. Қоңырау шаламын. Жақсы ғой.

Ұстаздар оқушылардың ұялы телефон қызықтарына көңілдері ауғаны сонша, білім алуға ниеті жоқ деп дабыл қағуда. Ақпаратты ғаламтордан іздейтін шәкірттердің, ой өрісі мен ойлау қабілеті де тежелген дейді. Сондықтан шәкірттерге арзан телефон ұстауға кеңес береді.


Сәния Шәріпова, мектеп директоры:

-Менің ойымша 3-5 мың аралығындағы телефонды әперу керек. Оның қымбат болғаны маңызды емес. Тек байланысқа жарап тұрса болды емес пе? Қоңырау қабылда, өзің хабарлас, смс жаз, одан артық не керек.

Ал, прокурорлар бағалы телефонға қарсы шығуларын, қарақшылық дерегінің жиілеуімен түсіндіреді. Мектептегі ұрлықты азайту үшін, осындай тың бастама көтеріпті. Бірақ оның қолдау табары әзірге беймәлім.

Әділхан Ерекешов, Қостанай қаласының прокуроры:

-Біз айттық солай болады деп айтпаймыз. Балалардың әке-шешесімен ақылдасып, мұғалімдермен ақылдасып, бір келісімге келсек. Онда ол біздің мектептерге енгізіледі деп өзім ойлаймын.

Жуырда жалпы қалалық ата-аналар жиыны өтпек. Қымбат телефонға шектеу қою жайы сонда талқыланбақ. Егер мұғалім мен ата-ананың ойы тоқайласса, онда оқушылар мектепте бағалы ұялы телефонсыз жүрмек.