Кінәсін мойындамаған Ерлан Арын жерлестерінен кешірім сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кінәсін мойындамаған Ерлан Арын жерлестерінен  кешірім сұрады

Кінәсін мойындамаған Ерлан Арын жерлестерінен кешірім сұрады

Павлодарлық прокурорлар облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынды бес жылға дейін бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң  тәртіптегі колонияда өтеуін сұрап отыр. Экс-шенеунік қаланы абаттандыру үшін демеушілер бөлген қаржыны жымқырды және ірі көлемде пара алған деп айыпталып, биылғы жылдың наурыз айында тұтқындалған болатын. Бірақ Ерлан Арын өз кінәсін мүлдем мойындамайды.

  • 26 Қараша 2014
  • 297
Фото - Caravan.kz

Ел аузындағы бұл іске қатысы бар деген барлық куәгерлер екі аптаның ішінде тыңдалды. Процеске шақыртылғандардың ішінде Ерлан Арынның жұбайы да бар. Өйткені ардагерлерге көлік алып бер деп Павлодар әкімдігіне демеушілер берген 1 млн 650 мың теңге әкімнің әйелі — Ризат ханым  басқаратын колледжге темір тұлпар алуға жұмсалыпты. Бұдан бөлек, экс-шкенеунікке қаланы абаттандыру үшін кәсіпкерлерден түскен 23 млн теңгені меншіктеді және 137 млн теңге пара алды деген айыптар тағылуда.

Радимхан Дубаева, Павлодар облыстық прокуратурасының басқарма бастығы:

— Ірі көлемдеқаржы жымқырып, пара алған айыпталушының кінәсі келтірілген дәлелдер арқылы толығымен анықталды. Тиісті бұл дәйектер тексеріліп, сот барысында жарияланды. Ерлан Арын қызмет бабын пайдаланып, жұрт сенімінін ақтамады. Кінәсін де мойындамауда.

Бұл істе басты куәгер экс-әкімнің көмекшісі – 37 жастағы Бағұстар Сапаров. Арынмен қоян-қолтық қызмет атқарып келген шенеунік бұл жерде тек басшысының тапсырмаларын орындаумен ғана шектелген көрінеді. Ол бар білетінін жайып салған еді. Қорғаушылар сот осыны ескереді деп үміттеніп отыр.

Арман Соғымбаев, Б.Сапаровтың адвокаты:

-Өздеріңіз куә болғандай, алғашқы күннен-ақ Сапаров нақты жауап беріп, шындықты айтты. Менің ойымша, ақиқатты айтып, өкінген адамға кінә тағу қате. Жемқорлыққа қатысы барын кез-келген адам мойындай бермейді.

Осылайша сегіз ай қамауда болған Ерлан Арынға да сөз кезегі берілді. Экс-шенеунік әуелі сот отырысына келген қарт анасынан, кейін жерлестерінен кешірім сұрады. Бірақ өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін алға тартты. Ал бұдан бұрын процесті түсіруге қарсылық білдірген Ерлан Мұхтарұлының қорғаушылары бүгін алғаш рет тілшілерге сұхбат берді.


Айжан Сәберина, Е.Арынның адвокаты:

-Біздіңше, Ерлан Арынға тағылған айыптар дәлелденген жоқ. Алайда қылмысық іспен айналысқан орган бұл заңсыз әрекеттерге барған Сапаровты кінәлі деп танымай отыр. Ол куәгер ретінде сан мәрте өз жауаптарынан жаңылып, бірнеше рет өз айтқандарына қарама-қайшы келді. Осылайша, барлық жасаған қылмыстық істерін Ерлан Арынға жауып отыр.

-Жалпы, Ерлан Арын «алаяқтық», «ірі көлемдегі пара алу» және «қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру» баптары бойынша айыпталуда. Экс-әкімнің кәмелетке толмаған балаларының бар екенін, сондай-ақ, қазіргі денсаулық жағдайын да ескерген прокурор соттан оның жазасын өтеуі үшін бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметтен жеті жылға дейін шеттетпек. Күрмеуі шешілмей келген бұл іске қатысты үкім ертең шығуы мүмкін.