Кәрімов Назарбаевтың көрегендігін айтып мақтады - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кәрімов Назарбаевтың  көрегендігін айтып мақтады

Кәрімов Назарбаевтың көрегендігін айтып мақтады

Қазақстанға ресми сапармен келген Ислам Кәрімов күтпеген жерден ағынан жарылды. Тіпті Өзбекстан Президенті осы кезге дейін екі елдің арасында бекітілген құжатқа мән бермей келгеніне  өкініп,  оның маңыздылығын ертерек білген Нұрсұлтан Назарбаевқа мақтауын үйіп-төкті. Ташкенттегі Абай ескерткішімен сырласатынына дейін  айтқан, Кәрімов кейін Астанадан қолдау іздеп келгенін жасырмады. Өйткені Өзбек басшысын әлемдегі күрделі ахуал шындап алаңдата бастапты.

  • 26 Қараша 2014
  • 375
Фото - Caravan.kz

Кеше кешкісін келіп, түнімен Назарбаевпен келіссөз жүргізсе де, протокол бойынша, Ислам Кәрімовтың ресми сапары таңда басталды. Сарбаздай сап түзеген біздің министрлер көңілді. Ал олардың өзбек әріптестері Ақорданың сәулетіне таңқалып тұр. Ақорданың төртінші қабатынан  лифтімен түскен Елбасы, есік жаққа беттеп, мәртебелі мейманды қарсы алды.

Арқаның аязына қарамастан жылы қабылдау мен ерекше құрметке бөленген Ислам Кәрімов  аянып қалған жоқ. Алдымен ол былтыр екі елдің арасында қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шартқа аса мән бермегенін мойындады. Оның маңыздылығына енді ғана көз жеткізген Кәрімов,сол құжаттың жүзеге асуына себепкер болған Қазақстан Президентіне алғысын жаудырды.

Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Әлемде жылдар өте келе ақылдырақ бола түсетін адамдар бар. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге комплимент айтқым келеді. Жас кезінен, бала кезінен Алла даналық берген адамдар да бар. Мұның бәрін бір адамның бойынан көру қиын. Бұл  табиғи қасиет. Ол сізде бар.

Өзбекстан президентінің аяқ-асты ағынан жарылуы бекер емес. Өйткені Украина, Ирак пен Сириядағы жағдай, Ауғанстандағы тұрақсыздық Ислам Кәрімовты қатты алаңдатып отыр. Әсіресе, Ауғанстанмен шекаралас Өзбекстан, бұл мемлекеттен АҚШ-тың бітімгерлік әскері кетсе, Орталық Азияда  лаңкестік топтардың ойран саларына сенімді. Сондықтан қалған құдайы көршілерімен қырғи-қабақ ресми Ташкент Астананы өзіне одақтас етіп, әлемде орнаған қиын жағдайда  бірігіп қарекет етуді сұрап отыр. Әрине, бұл тұрғыда оны біздің президент қолдайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия өңірінде маңызды рөл атқаратын, серіктес мемлекет екенін білесіздер.Екі елдің арасында сауда саттық қарым- қатынас, біршама ұлғайғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл кездесудің  өзінің нәтижесі көп болады деп сенемін. Себебі біздің өңірдегі жағдайларды талқылап достық көңілменен келіссөздер жүргіздік.

Достық көңілін білдіруден ала шапанды мемлекеттің басшысы да, қалыс қалған жоқ. Одан қалды, Қазақстан мен Өзбекстан экономикасының өзіне тән жолдармен дамып жатқанын айтып,сауда-саттықты қазіргі 2 миллиард доллардан  еселеп арттыруды ұсынды. Тіпті философиялық ойға беріліп, қазақ-өбек қатынасына ұлы Абайдың көзімен қарап көрді.


Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының Президенті:

-Тәшкеннен Абайға ескерткіш аштық.  Сол ұлы данышпен бізге қарап тұрғандай болады маған. Ол ойша, достар, сіздер  Қазақстан мен Өзбекстан халқы үшін, нақтырақ айтсақ, қазақ пен өзбек тыныш өмір сүруі үшін не істеп жатырсыздар дегендей болады да тұрады. Осыны  ұмытпауымыз керек.

Ақордадан қолдау тапқан  Өзбекстан басшысының ұпайы түгел. Ал мемлекетаралық келісімдерге қол қойылған соң, Назарбаев пен Кәрімов тату көршілік үшін бокал көтерді. Президенттер қос елдің делегациясымен  жеке-жеке бокал түйістірді. Ерекше көңілді Кәрімов  тіпті Қазақстанның министрлерін күлкіге қарық қылды.

-Осылайша, емен-жарқын ресми кездесу күлкімен аяқталды. Екі  бауырлас жұрттың қандай жағдай болмасын бірге болу керектігін айтып, арқадан қаққан Ислам ака стратегиялық бағытын өзгерте бастағандай.   Ал сыртқы саясаты құбылмалы, одан қалды интеграциялық бастамаларға қырын қарайтын Өзбекстан Президенті Орталық Азия аймағынан бөлектене алмайтынын енді түсінсе керек. Онысы бүгін айқын байқалды.