Бұл туралы БҚО қазақ драма театрында «КЕГОК» АҚ-ның «Халықтық IPO» бағдарламасына шығуына арналған роуд-шоу аясында өткен кездесуде аталмыш компания басқарма төрағасының корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары Жаңабай Бексары мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, ең алдымен ІРО-ға еліміздегі дамуы тұрақты компаниялардың таңдалып алынып, олардың қаржылық көрсеткіштері, корпоративтік басқару мен қоғамға ашықтық деңгейі жан-жақты сараптаудан өткен. Күллі әлем елдері экономикалық дағдарысқа ұшырап отырған кезде бағдарламаға іріктеліп алынған бұл компания әлемдік нарықтағы шикізат бағасына тәуелді емес. Компания 2011 жылы 57249,52 млн. теңге, 2012 жылы 65855,17 млн. теңге, 2013 жылы 73811,7 млн. теңге табыс тапқан.
«КЕГОК» акцияларын иелену тиімді. Өйткені Қазақстанның ұлттық электр жүйесі осы компания иелігінде, ол жүйелік оператор қызметін атқарып келеді. Экономиканың дамуы энергетикамен байланысты, мысалы, 2000-2013 жылдары елімізде электр қуатын пайдаланудың жылдық өсу қарқыны 4 пайызды құрады. Ақшаны құнды қағаздарға салу депозиттерге қарағанда пайдалырақ. Компанияның дивидендтік саясаты бойынша дивидендтерді төлеуге жұмсалатын қаржы сол жылғы таза кірістің 40 пайызынан кем болмайды. Бұған қоса қор нарығында акциялардың бағасы өскенде, пайда және қосылады.
Соңғы он жылда «КЕГОК» электр желілері мен электр қондырғыларын жаңарту бағытындағы жобаларды қолға алды. Елдегі 77 қосалқы стансаның 55-інде жаңарту жұмыстары жүргізілген. Желілерді де жаңғырту жұмыстары басталуда. Компанияның тарифтері бұрынғыдай бір жылға емес, бақандай үш жылға белгіленіп, бекітілді. Мұның өзі компанияның орта мерзімдегі қаржылық көрсеткіштерін біліп отыруға жол ашады. 2025 жылға дейін елімізді энергетикалық тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге және жұмыс сенімділігін арттыруды көздейтін 15 басым жобаны іске асыру жөніндегі ұзақмерзімдік даму стратегиясы айқын бірегей компания бұл.
Елімізде 5 қарашадан 3 желтоқсанға дейін компанияның акцияларын сатып алуға өтініштер қабылдануда. Қазірдің өзінде ақшасы төленген өтініштердің саны 5 мыңнан асып кеткен, акцияларды сатып аламыз деген өтініштердің саны 15 мыңның үстінде.
Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, «Халықтық ІРО» бағдарламасы Елбасының бастамасымен қолға алынды. Осы бағдарлама аясында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарайтын мемлекеттік компаниялардың акциялары қор нарығына шығарылуда. Бұған дейін «ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары халыққа берілді және ол өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгінде «КЕГОК» компаниясының акциялары алғашқы сатылымға шығарылып, халыққа ұсынылуда. Мұндай таныстырылымдар республиканың барлық өңірлерінде ұйымдастырылды. Бұл — компания жұмысының ашықтығын көрсетіп, оның өсіп-өнуіне, табыс табуына халықты тарту үшін ұйымдастырылып отырған шара.

