-Сегіз ай қамауда болған Ерлан Арынның қолынан кісен сот залында шешілді. Үкімді тыңдауға келушілердің қарасы қалың болды.Экс-әкім бұрын басқарған университеттің оқытушылары мен Арынды бүгінге дейін қолдап келген зиялы қауым өкілдерінің үміті осылайша ақталды.
Ерлан Арын биылғы наурыз айында ұсталған еді. Ә дегенде оған 10 эпизод бойынша айып тағылды. Алайда тергеу барысында соның екеуі ғана қалды. Яғни ол екі кәсіпкерден ақша алған делінді. Бизнесмендердің бірі берген 1 миллион 600 мың теңгеге әкім әйеліне тиесілі колледжге көлік әперсе, екіншісінен тендерді ұттырғаны үшін 5 миллион 600 мың теңге пара алыпты-мыс. Бірақ экс-шенеунік кінәсінің бір де бірін мойындамай келді. Ал судья әлгі айыптарды «Қызмет бабын асыра пайдалану» деген мүлдем басқа бапқа өзгертіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Қабиболла Байгөншеков, судья:
-Арын Ерлан Мұхтарұлын Қылмыстық Кодекстің 307-бабының 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Және 5 жылға дейін мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінде жұмыс атқаруға шектеу қойылады.
Экс-шенеунік, сондай-ақ, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айырылды. Дегенмен, кеше ғана прокурордың оны 5 жылға қатаң колонияға қамап, дүние-мүлкін тәркілеуді сұрағанын ескерсек, бұл шешім Арынның жақтастары үшін жеңіс боп есептеледі.
Арман Қани, ақын:
-Кейбір БАҚ арқылы тіпті оқиғаны қойылтып, ол кісіні қылмыскер ретінде бейнелеген материалдар жариялана бастады. Осыған біз наразылық білдіріп, Елбасының атына ашық хат жазған болатынбыз. Енді, құдайға шүкір, әділдік салтанат құрды деген ойдамыз, көңіліміз орнықты.
Айжан Сабырина, Е.Арынның адвокаты:
-Ерлан Мұхтарұлының қамаудан босағанына ризамын. Қазір қорғауымдағы азамат жанымда жоқ, сондықтан ештеңе айта алмаймын. Арын мырзаның пікірін білген соң ғана үкімді бұздыруға шағым түсіреміз бе, әлде өзгеріссіз қалдыратынымыз анықталады. Дегенмен,осының өзі де оң нәтиже.
Арындыбүгінге дейін қолдап келген бір топ азамат оны бостандықта құшақ жая қарсы алды. Қуаныштары қойындарына симаған қариялар сот ғимаратының алдында шулап, музыка да қойды. Ал Ерлан Мұхтарұлының өзі соттың алдын торуылдап тұрған журналистермен тілдескісі келмеді. Ол ғимараттың артқы есігінен шығып, қара көлікпен үйіне қарай кетіп қалды.