Бұл туралы аймақтық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
ТЖД мәліметі бойынша келеңсіз жағдай өткен демалыс күндері орын алған. Алдымен наурыздың 8-і күні таңғы сағат 07:30 шамасында Степногор қаласына қарасты Бестөбе кентінің маңындағы жұмыс істемейтін ескі шахталардың бірінде орын алған. №50 ескі шахтаның ішіне 30 метр тереңдікке алтын іздеп кірген үш ер адамның үстіне кен үйіндісі құлаған. Нәтижесінде 1990 жылғы жігіт сол жерде мерт болып, қалған екеуі құтқарылды.
Ал келесі күні, яғни, наурыздың 9-ында сағат 15:30 шамасында осындай оқиға тағы қайталанады. Бұл жолы ескі шахтаның ішіне түскен 1986 жылғы Д.Гуланов пен 1988 жылғы М.Ксюктің жолы болмайды. Бұл екеуінің де үстіне кен үйіндісі құлап, соңғысы М.Ксюк оқиға орнында көз жұмады. Ал Д.Гуланов жедел жәрдем қызметімен қалалық ауруханаға жатқызылады.
Қазіргі кезде аталған оқиға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жүргізілуде.
