Таразда жұмысшыларының ашуынан қорыққан директор тығылып қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таразда жұмысшыларының ашуынан қорыққан директор тығылып қалды

Таразда жұмысшыларының ашуынан қорыққан директор тығылып қалды

Таразда жалақы алмаған жұрт наразылық білдірді. Өңірдегі сымтемір шығаратын кәсіпорынның жүзден аса қызметкері үш айдан бері еңбекақы көрмеген. Осыншама уақыт тегін істеген жұмысшылар басшылықтан есеп айырысуды талап етіп отыр. Ал ақша сұрап келгендерден қашқан компания басшылығы кабинетіне тығылып, тек құзырлы орын келгенде ғана тысқа шықты.

  • 11 Наурыз 2015
  • 250
Фото - Caravan.kz

Желтоқсаннан бері жалақы алмаған жұмысшылар осылайша компания басшысына талабын тыңдату үшін күзетшілердің бөгетіне қарамай ішке басып кірді. Айтуларынша, серіктестік директоры үш айдың еңбекақысын бермей жүр.

Қайрат Әшіров, жұмысшы:

-Әбден шаршатты. Осындай жағдайға жеткізіп отыр. Діңкелетіп болды.

Сымтемір шығаратын «ТARAZ-Steel» зауытының жүзден аса қызметкері бар. Сегіз жыл бұрын іске қосылған кәсіпорында бұған дейін айлықты кешіктіру деген болмапты. Ал соңғы үш айдың жалақысын не үшін бермей жатқанын түсінбедік дейді жұмысшылар.

Қайсар Байкиев, жұмысшы :

— Айта берсек бәрімізде проблема көп. Айлықтан айлыққа, бәріміз жалдамалы пәтерде тұрамыз.

Жұмысшылардың зейнетақы қорларына да уақытылы ақша аударылмай жатыр екен. Тіпті соңғы алты айдың ішінде бақыр тиын түспепті. Оның себебін директордан сұрау тағы мүмкін болмады. Өйткені мекеме ішіне тығылған басшы сол күйі есігін ашқызбады.

Жұмысшылармен бетпе-бет жүздесуден бас тартқан кәсіпкер тек құзырлы орын мен шенеуніктер араласқан соң тысқа шықты. Бір қызығы, аузын қу шөппен сүртіп келген ол табан астынан желтоқсанның жалақысын да беріп үлгерді. Ал еңбекақының кешеуілдеуін нарықтағы бәсекелестердің әрекетімен байланыстырады.

Тұрғанбаев, «ТARAZ-Steel» ЖШС директоры:

-Бағамыз төмен болып қалды. Ресей тауарының бағасына қарағанда біздің тауардың бағасы бірдей. Тіпті Ресейдікі төмен түсіп кетті. Біздің затымыз түссе бағасы, біз мысалы тоқпен қолданамыз, газ пайдаланамыз оның бағасы түспей жатыр да. Сапасы өзінен -өзі қымбат болып жатыр, сол үшін тоқтап қалды.

Жұмысшылары өнімге сұраныстың болмауынан тығырыққа тірелген өндіріс орнының ертеңіне күмәнмен қарайды. Банкрот болудың алдында тұрған кәсіпорынның қызметкерлерге 12 млн. теңгеден аса берешегі бар. Ал  басшысы бірер күнде қол астындағылармен толық есеп айырысуға тағы уәде берді. Тіпті, қазірдің өзінде соңғы екі айдың жалақысын беріп жатқанын мәлімдеді.