Мына бейнежазбаны оқиға куәгерлері ұялы телефонына түсіріп алған. Видео авторының айтуынша, жол сақшылары жүргізуші келіншекті көлігінің шамын жақпағаны үшін тоқтатқан. Сосын бөлімшеге әкетпек болыпты.
-Жіберіңдер. Камераға түсіріңдер мыналарды. Әйелді көліктен шығарып алайық.
Жазбада полицейлер келіншектің жанайқайына қарамастан күш қолданып жатқаны анық көрінеді. Оқиға куәгерлері де әйелдің ережені бұзбағанын айтады. Яғни, көлікті тоқтатқан кезде шамдары қосулы болыпты. Осы жайт маңайдағы жұртқа ұнамаса керек, барлығы бірдей жүргізуші әйелге жақтасып, бөлімшеге жібермей алып қалған. Десе де бүгін Алматы облыстық ішкі істер департаменті бұл дауға қатысты өз ойларын жеткізді.
Дарын Арыстанбеков, Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Полиция қызметкерлері өзінің құжатын көрсетуді талап еткен кезде, құжаттарын көрсетуден бас тартып, қызметкерлерді балағаттап, яғни билік өкілдерін қорлады. Сондықтан бұл азаматшаға қатысты тиісті шараларды қабылдау қажет болды.
Оған мына бейнежазба дәлел. Мұны полицейлердің өздері түсірген. Онда келіншектің балағат сөз айтып, құжатын көрсетуден бас тартқаны анық байқалады. Тіпті, «көкелеріне» қоңырау шалып, көлігін тоқтатқан сақшыны қызметінен қуамын деп айқайға басқаны да тайға таңба басқандай көрініп тұр.
— Қазір осы жерде өлтіремін оңбаған сендерді.
— Боқтамаңыз, ханым.
— Кетіңдер дедім ғой сендерге. Әйтпесе, желкелеріңді үземін екеуіңнің де.
Енді қызу қанды әйелдің өзі полицейлерге қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартылмақ. Дегенмен соңғы нүктені сот қоюы тиіс. Істі полицейлер жақын күндері сотқа жөнелтпекші.