«Әлемде бүгін тыныштық жоқ, дүрбелең көбейді, татулығы бұзылып, бір-бірімен мәмілеге келе алмай, қылыштарын жалақтатып санкциялық соғыс майданын ашқан елдердің салқын ызғары біздерге келмейді емес, келеді, келіп те жатыр. Бұл үлкен қауіп. Әлем экономикасы әлі де дағдарыстан шыға алған жоқ, оның дамуы бәсеңдеді, тауарға сұраныс азайды. Мұнай және басқа да заттардың бағасы түсіп кетті. Табыс көзі тарылып, экономикасы құлдырау салдарынан алыс-жақын 24 мемлекет өздерінің ұлттық валюталарын девальвациялауға мәжбүр болды», — деді Кенжеғали Сағадиев. Оның айтуынша, осының бәрі Қазақстан үшін қауіпті. Бұл ретте қоғам қайраткері осындай күрделі кезеңде бабаларымыз да құрылтай шақырғанын, бүгінгі құрылтайда да алдағы қиындықтарды болдырмау жайы айтылатынына назар аударды.
«Нұрсұлтан Назарбаев сан сынақтардан абыроймен өткен Елбасы. Оның басшылығымен Қазақ елі талай асулардан асты, бұл бабалар бұрын жүрмеген соқпағы көп жол еді. Оның қиындықтары да болды. Бірақ, Елбасы осының бәрінен жол тауып, қазіргі қиындықтарды де кезінде сезіп, көріп отыр. Оның айғағы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жаңа экономикалық саясат. Ол кең байтақ елді мекендеріміздің бір-бірімен байланысын нығайтып, халқымызға жаңа тыныс-тіршілік әкелетін саясат. Ол жұмыссыздықпен күресуге құрал болу саясаты. Ең бастысы, біздер бұрынғыдай тек мұнайға ғана иек артуды қойып, экономиканың жаңа қырлары мен мүмкіндіктеріне басымдық береміз. Сын сағатында табылған ұтқыр шешім. Осыны орындаудың маңызы зор. Біздерге құрғақ сөз, жайдақ ұран емес, нақты іс керек. Оның нәтижесін халық көруі керек. Сонда ғана «Нұрлы жол» біздерді жаңа белестерге шығара білген береке жолы деп айтамыз», — деді К. Сағадиев.
Бұдан бөлек, К. Сағадиев Елбасының сындарлы саясаты арқасында Қазақстан халқы ынтымақты түрде тіршілік етіп жатқанына тоқталды. Қазақ елі ешкіммен дауласпай, алыс-жақын елдермен тату көршілікте болып отырғанын атап өтті.
«Қазақстанның Елбасы әлемдегі қақтығыстарға бей-жай қарап қоймай, бітімге шақырып, тыныштық үшін атсалысып, халықтар арасындағы татулық үшін әлем деңгейіндегі көрнекті күрескер дәрежесіне көтеріле білді. Бұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенттігіне бірден-бір лайық қайраткер екенін айғақтайды. Осыған орай, ағайындар Президентке үміткер ретінде бәріміз бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынайық. Елін соңына ертіп, халықтың асқақ арманын үкілеген Елбасы — Нұрсұлтан Әбішұлы болсын, қолдап ел тізгінін қолына ұстатайық, сәттілік тілейік», — деді академик.
