Бұл туралы бүгiн Астанада «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVI съезiнде ҚР Президентi, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлiм еттi.
«Полиция қоғамның сенiмiнен шығуы керек. Қазiр қоғам жол-патрульдiк қызметтiң офицерi жол ережесiн бұзғаны үшiн әкiмге немесе министрге айыппұл салатынына сенбейдi. Мен Қасымов (ред. — ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов) туралы тiптi айтпай-ақ қояйын. Мысалы, жақында АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Джон Керримен бiр оқиға болды. Оған өз үйiнiң алдында уақытылы қар тазаламағаны үшiн айыппұл жазып берген. Оның баспасөз хатшысы айыппұлды төлейтiндiгiн мәлiм етiп үлгердi», — дедi Мемлекет басшысы.
Соған байланысты Президент бiрқатар тапсырмалар бердi.
«Сондықтан, полицейлердiң мәртебесi мен оның азаматтар алдындағы жауапкершiлiлiгiн арттыру қажет. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының ашықтығын қамтамасыз ететiн шаралар жиынтығын жасақтау, ақпараттық технологиялардың дамыту, бейнерегистраторлармен қамтамасыз ету қажет. Полицияға кәсiби-психологиялық iрiктеудiң жаңа жүйесiн жасау маңызды. Полицей бiлiктiлiгiн анықтау бойынша сынақтар өткiзiлiп отыруы шарт», — деп атап өтті Н.Назарбаев.
Судьяларды таңдау, оларға қойылатын кәсiби бiлiктiлiк талаптары — сот жүйесiнiң әлсiз тұстары.
«Заңның үстемдiгi, қарапайым айтқанда, соттардың тәуелсiздiгi экономикамыздың дамуына ықпал ететiн меншiк иесi құқығын сақтайды, кәсiпкерлiк үшiн жағдай жасайды, келiсiм мiндеттерiн қорғауға кепiлдiк бередi», — дедi Президент.
Сонымен қатар, Елбасы судьяларды таңдау, оларға қойылатын кәсiби бiлiктiлiк талаптары — сот жүйесiнiң әлсiз тұстары екендiгiн атап өттi.
Мемлекет басшысының айтуынша, судьялар жабық корпорацияға айналмауы тиiс керiсiнше, қоғамға ашық болуы керек.
«Судьялар сот жүйесiнде кемiнде 5 жыл iстеген болуы қажет. Олар қатаң iрiктеуден өтуi шарт және аз дегенде 1 жыл тәжiрибеден өтуi қажет. Жаңадан алынған судьялар бiр жыл тәжiрибелiк мерзiмде болуы тиiс және оқудан соң сынақ тапсырып, ең мықты дегендерi қызметке алынуы қажет», — дедi Елбасы.
Н.Назарбаевтың атап көрсеткенiндей, инвестициялық дауларды шешуге шетелдiк судьяларды тарту жайын қарастыруды тапсырды.
Бүгiн Астанада «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVI Съезiнде ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақы жүйесiн өзгертудi тапсырды.
«Жалақыға келетiн болсақ, қарқынды дамып жатқан Сингапурде мемлекеттiк қызметкерлер дәл осындай қызмет iстеп отырған жекеменшiк компаниядағы еңбеккерлерден тек 20 пайызға аз жалақы алады. Ең жоғары жалақы Сингапурдың премьер-министрi алады — жылына 1,7 млн. доллар. Бiрақ министр миллиардтармен жұмыс жасап, елге қомақты пайда түсiрiп жатса, неге оған жақсы жалақы тағайындамасқа?! Барлығының жалақысын жүйелеу қажет.
Мемлекеттiк қызметте атқарылатын реформалардың ең бiрiншi қадамы осы болуы тиiс. Бұл өте ауыр жұмыс, қарсылықтар болады, бiрақ ертең дамимыз десек, бұны орындауымыз қажет», — деп атап өттi
Мемлекет басшысы.
Қазақстан хирургтеріне әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен науқастар келiп жатыр.
"Бiздiң медицина әлемде бәсекеге қабiлеттi екенiн көрсеттi. Қазақстан хирургтеріне әлемнiң АҚШ, Канада, Германия, Аустралия, Араб елдерiнен келiп жатқан адамдар көп екендiгiн бiрi бiлсе, бiрi бiлмейдi. Бұл көршi мемлекеттерден келiп жатқан сырқаттарды санамағанда. Бұл бiрiншi кезекте ғимараттардың, технологиялардың арқасы, ең бастысы — адамдардың үлесi. Ашық жүрекке 500 ота жасалды", — дедi Президент.
Өз кезегiнде партия съезiнде сөз алған "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық" АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, Қазақстанның кардиохирургиясы әлем бойынша бәсекеге қабiлеттi екендiгiн айтты.
"Мысалы, Wall-Street-те маңызды стратегиялық серiктес ретiнде Қазақстанның аты аталды. Соның iшiнде Астанадағы кардиохирургиялық орталық ауқымы мен клиникалық нәтиже бойынша әлем бойынша ең мықтылардың қатарында және iрi бәсекелес ретiнде атап өтiлдi. Жаңа буынды жасанды жүректi пайдалану бағытындағы алғашқы зерттеулер бiзде басталуы тегiн емес", — дедi Ю. Пя.
Мемқызметшіге жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет.
«Мемлекеттік қызметшілердің нәтижелері, олардың басқару процесіне қосқан үлесі бойынша жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Әрбір жылдың қорытындысы бойынша саяси қызметшілер үшін бонус және әкімшілік қызметшілерге экономикадағы қол жеткізген табыстары, олардың қызметінің нәтижелілігі үшін сыйақы төлеу қажет», — деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, жақсы жұмыс істесе, жыл соңында бонус алып, ал жұмысында нашар нәтиже көрсетсе, сәйкесінше жалақысы қысқартылуы қажет.
«Оларды бағалаудың критерийлері әзірленуі тиіс. Қызметші әдебін бұзса, жемқорлық жасаса, барлығынан айырылады», — деп баса айтты ҚР Президенті.
Мен екі тілде еркін сөйлейтін ел басшыларының бірегейімін.
«Мен мұнда отырсам да бәрін сезіп, біліп отырамын. Айтатын ағайындар да баршылық: «неге қазақша сөйлемейсің, қазақты жақсы көрсең неге орысша сайрап отырсың» деп. Мен екі тілде сөйлейтін ел басшыларының бірегейімін. Түркияда түрік тілінде ғана сөйлейді, себебі 100 пайыз — түріктер. Өзбекстанда 98 пайызы өзбектер, Қырғызда да, Ресейде де солай. Менің халқым — көпұлтты, мына бүгінгі делегаттардың ішінде 25 ұлттың өкілі отыр. Соларға не болсаң сол бол деп қазақша сөйлей берсек қалай болады?», — деді Елбасы.
Бұл ретте Президент қазақ халқы ешкімнің көңіліне қаяу салмай, тік басып алға жылжуы керектігін атап өтті. «Қазақтың болашағы сонда ғана нұрлы бола түседі», — деді Н. Назарбаев.
Мемлекеттiк қызметкерлердiң барлық деңгейлерiнде аттестация өткiзу керек.
«Мемлекеттiк қызметкерлердiң барлық деңгейлерiнде мемлекеттiк аттестация өткiзу керек. Меритократия принциптерiн қорғау және жемқорлықты болдырмау бойынша жүйелi жұмысты орнықтыруымыз қажет. Қызметкерлерден бiр орыннан екiншi орынға секiртпей, әр сатыдан өтiп, тәжiрибесi мол дайындалған басшылар шығуы тиiс. Ол үшiн Мемлекеттiк басқару қызметiнде жемқорлықпен күресетiн жеке бөлiмше құруымыз шарт. Осы мiндеттердi атқару үшiн Мемлекеттiк басқару қызметiнiң өзiн күшейтуiмiз керек. Меритократия — мемлекеттiк қызметте ғана емес, барша мемлекеттiк секторда жалпы принципке айналуы тиiс. Оның iшiнде соттар, құқық қорғау органдары, ұлттық компаниялар мен холдингтер бар», — дедi Президент.
Ол үшiн, Мемлекет Басшысының сөзiне қарағанда, барлығын түбегейлi өзгерту шарт.
«Мемлекеттiк қызмет туралы жаңа заң жасақтауымыз қажет. Жемқорлықпен күрес туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгiзу керек. Мемлекеттiк құрылымдар көпэтникалық қоғамымыздың бiрлiгiн нығайтатын негiзге айналуы тиiс. Мемлекеттiк қызмет әдiл қазақстандық қоғамның прототипi болсын. Онда барлығы тең жағдайларға ие болсын. Меритократия принциптерiне сай, дiнi мен ұлтына жiк салынбасын», — деп атап өттi ол.
Әкімнің не министрдің ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызмет жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс.
«Министрлердің не болмаса әкімдердің және басқа да басшылардың сайлануы, ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызмет жұмысына еш кедергі келтірмеуі тиіс. Мұндай тәртіп герман мемлекетінде 100 жыл бойы қолданылып келеді. Ұлыбританияда да, Францияда да дәл осы тәртіп қолданылды», — деді Елбасы.
ҚР Президенті сайлау арқылы басшылықтың ауысуы мүмкін екендігін атап өтті. Дегенмен, жүргізіп жатқан істің қорғаушысы мен жалғастырушысы болып саналатын мемлекеттік қызмет аппараты өз жұмыстарын жалғастыруы қажеттігін баса айтты.
"Ең басты мәселелердiң бiрi — бiздiң Қарулы Күштерiмiздiң жаңғыртылуы. Ол — заманауи, шапшаң, кәсiби болуы шарт. Бұл бiрiншi кезекте кәсiбилiктiң және қазiргi заманғы қару-жарақпен қамтылуының арқасында армияның ұрысқа жарамды болуын қамтамасыз етедi. Бұнымен бiз қазiр айналысып та жатырмыз", — дедi Елбасы.
Алматы қаржы орталығы арнайы мәртебесiне және өз заңнамасына ие болады.
"Алматыны қаржы орталығына айналдыру жұмысы тым созылып кеттi. Ол қазiр жаңа қарқынмен қайта басталуы шарт. Мұнда түбегейлi қарау қажет, Дубайдағыдай және өзге мемлекеттер iстегендей Алматыға арнайы мәртебе берiп, сол бизнеске қажеттi өз заңнамасын қабылдау керек. Алматыда қаржы орталығын құру өте қажет", — дедi Елбасы.



