Жалғыз ұлдарынан айрылған Қаражановтар облыстық прокуратура ғимаратын торуылдаумен жүр. Олар прокурордан балалары Алтынбек Құбайдуллиннің өлімін қайта тергеуді талап етуде. Өйткені 15 қаңтарда басталуы тиіс тергеу әлі күнге дейін қозғалыссыз тұр. Тіпті тергеуші де тағайындалмаған.
Қамираш Темірболатова, А.Құбайдуллиннің анасы:
—Баламды бір күннің ішінде жоқ қылды қаржы полициясы! Бұлар жазасын алуға тиісті. Басшыларын Сарин мен Ертаев, Наисев пен Тюмалиевті Заңқановты жазаға тарту керек. Себебі прокуратураға ақша беріп істі жаппақ деген әңгіме шықты. Енді оны кім айтқанын айта алмаймыз ғой.
Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллинді өткен жылдың сәуірінде барконьерлерден 250 мың теңге мен 3 келі қара уылдырық алып жатқан жерінде қаржы полициясының қызметкерлері ұстаған болатын.
Тергеу кезінде майордың денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскен. Бірақ, ем-домын алған соң палата терезесінен қашып шығып, із суытқан болатын. Тек арада 4 күн өткенде оның асылып тұрған денесі қаладағы құрылысы бітпеген нысандардың бірінен табылды. Қара жамылған ата-ана содан бері балаларын суицидке итермеледі деп қаржы полициясы қызметкерлерін айыптауда.
-Бұл іске қатысты сот процесі өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Айыпталушылар орнында қаржы полициясының бұрынғы қызметкерлері Бауыржан Ертаев пен Айбар Сарин отырған еді. Бірақ судья екі тараптың өтініші бойынша істі қайта тергеуге жіберді. Алайда ол белгіленген мерзімнен бір айға жуық уақыт өтсе де, тергеудің не себепті басталмай жатқандығы туралы жергілікті прокурорлар жақ ашпай отыр.