ҚР Орталық Сайлау комиссиясы 12 наурыздағы жағдай бойынша Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысы,туралы хабарлады.
Барлығы 59 депутат: Астана қ. мәслихатының 1 депутаты, облыстық мәслихаттың 8 депутаты, қалалық мәслихаттың 10 депутаты және аудандық мәслихаттың 40 депутаты сайланады.
Сайлау науқаны барысында 196 кандидат ұсынылды, олардың 60-ын саяси партиялар ұсынды, 136-сы — өзін-өзі ұсынғандар. Қазіргі сәтте мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Барлығы 179 кандидат тіркелді. Олардың ішінде 128 (71,5%) — ерлер және 51 (28,5%) — әйелдер.
60 кандидат — Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшесі, 72-сі — партия қатарында жоқ, тағы 47-сі — өздерінің қай партияның мүшелігінде екенін көрсетпеген.
Тіркелген кандидаттардың арасында 9 ұлттың өкілі бар. Олардың орташа жасы — 42 жас.
152 кандидат (84,9 %) — жоғары білімді, 22 кандидаттың (12,3 %) арнайы орта білімді және 5 кандидат (2,8 %) — орта білімді. 55,3 % кандидат мемлекеттік мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда; 33,5 % — коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді; 6,1 % — саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлері; 5,1 % басқа кәсіп түрлерімен айналысады.
Қазіргі уақытта күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталды, ол 27 наурызда сағат 24-00-де аяқталады. Сайлау болатын күннің алдындағы күні және дауыс беру күні сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.
14 наурыздан бастап, учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларындағы азаматтар сайлаушылар тізімдерімен таныса алады, ондағы өздері туралы мәліметтерді тексеруі мүмкін және қателер жіберілген жағдайда түзетулер енгізуді талап етеді.
Сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілген және сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес қатаң түрде жүргізіледі.