Бұл туралы БҒМ Сейсмологиялық экспедициясының бас директоры Ринат Бейсенбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, жексенбідегі тербеліс күші Алматының әр ауданында әртүрлі, шамамен 3-5 балл аралығында болған.
«Неліктен мұндай айырмашылық болып отыр? Бәрі топыраққа байланысты. Қалада бір жердің топырағы бос, бір жердікі тығыз болып келеді. Афтершок қайталанбайды», — деді ол дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Ғылым және сейсмология институты директорының орынбасары Анатолий Лидің пікірінше, мұндай дүмпулер біздің аймақ үшін қалыпты жағдай.
«Бұл жер сілкінісі аталған аймақ үшін қалыпты құбылыс. Ғалымдарымыздың есебінше, аймақ 2013 жылдан бастап белсенділік фазасына көшті. Аталған зілзала Солтүстік Тянь-Шань тауларында байқалып отырған белсенді циклдың бір бөлігі болып табылады. Біз осы аймақты мұқият бақылап отырмыз», — деді ол.
А.Лидің айтуынша, 2015 жылы Алматы болжау полигоны аумағында күші 7 балдан асатын жойқын зілзала болмайды.
Қазақстанның Сейсмология институты Алматының сейсмикалық картасын дайындап жатыр.
«Алматының сейсмикалық аудандастыру картасы 2017 жылы дайын болады. Оған қалаға қосылған аумақтар қосылады», — деп дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Анатолий Ли хабарлады.
Оның айтуынша, жаңа карта қала аумағының кеңеюіне байланысты дайындалып жатыр.
«Қаланың аумағы бұрын 35 мың гектар болатын. Қазір 70 мың гектарға жетті. Биылғы жылдан бастап қалаға қосылған аумақтардың инженерлік-геологиялық және геофизикалық қасиеттерін зерттеу жұмыстары басталады. Өйткені, бұрын-соңды бұл аумақтарда ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Қаланың жаңа бөлігін зерттеу жұмыстары биылғы жылы басталып, 2017 жылы аяқталады», — деді А.Ли.
Жаңа карта халықаралық Еуро-8 кодына сәйкестендірілген.