Көктемгі егіс науқаны кезінде Қарағанды облысында ылғал үнемдейтін технологиялар қолданылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 565 мың 200 гектарға немесе астық дақылдары егілетін алқаптың 80,7 пайызында ылғал үнемдейтін технологиялар енгізу жоспарланып отыр. Бұл 2014 жылғымен салыстырғанда 94 мың гектар артық, деп Қарағанды облысы әкімі аппаратында өткен жиында Ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Бауыржан Асанов мәлім етті.
«Биылғы жылы 1 млн 96 мың гектар алқапұа ауыл шаруашылық дақылы егіледі. Атап айтсақ, 771 мың 300 гектар алқапқа жаздық бидай, 27 мың 100 гектарға майлы дақылдар, 30 мың 500 гектарға жемдік дақылдар егіледі. Барлық шаруашылықтарда 13 мың 700 гектар алқапқа картоп, 3 мың гектарға көкніс егу жоспарланған», — деді Б.Асанов.
Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру жоспарына сәйкес, бидай алқабы 18,1 мың гектарға қысқармақ. Сонымен қатар, 18,7 мың гектарға арпа, 3,2 мың гектарға сұлы, 2,8 мың гектарға жемдік дақылдар себіледі.
Көктемгі егіс науқанына арнап 71 мың 600 тонна астық тұқымы, 27,7 мың тонна картоп көшеті бөлінді. Бұл аймақтағы тұқымға деген сұранысты толық қанағаттандырады.
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков егіс науқанына 20 мың дана ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылатынын атап өтті. Оның ішінде 5600-ден астам трактор, 125 тұқым себу кешені, 6941 тұқым сепкіш бар. Бүгінгі таңда тракторлардың 89%-ы, тұқым сепкіштердің 87%-ы жұмысқа дайын.
«17 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау шеңберінде көктемгі егіс пен күзгі жиын-терімге 962 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Ол «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-ның институттары арқылы жүзеге асырылады», — деді Н.Әбдібеков.
Егіс және жиын-терім науқаны кезінде аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қолдау ретінде 2,2 млрд теңге субсидия бөлінді.
«Ауылдар мен аудан әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастырып, олардың уақытынан кешіктірілмей жүргізілуін қамтамасыз етуді, шаруашылықтарға дизель отынын беру жұмыстарын жандандырып, диқандарды жанар-жағармаймен егіс басталғанға дейін толық қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді әкім.