Өскеменде жалақысын сұраған жұмысшыларды басшысы ішкіш деп айыптады - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өскеменде жалақысын сұраған жұмысшыларды басшысы  ішкіш деп айыптады

Өскеменде жалақысын сұраған жұмысшыларды басшысы ішкіш деп айыптады

Өскеменде мемлекеттік маңызы бар нысанды салып жатқан жұмысшылар шу шығарды. Екі ай бойы іргетасты құйып, қабырғаны көтерген құрылысшылар уақыт келгенде маңдай тер ақысын ала алмай отыр. Бастапқыда республикалық бюджеттен ақша түспеді деген фирма басшысы кейін қарамағындағы жігіттердің жалқау әрі ішімдікке салынған деп айыптаған. Осылайша құрылысшыларды көк тиын төлемей, жұмыстан қумақшы.

  • 18 Наурыз 2015
  • 360
Фото - Caravan.kz

Бұл – Өскемендегі ең ірі құрылыс алаңы. Мұнда бірден көпқабатты 9 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Құрылысшылар да еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Жоғары жалақы, тегін жатын орын мен тамақ болады деген соң олар шығыс өңірге шұғыл жетіпті.

Бір ай болды ақша да келісім шартты да берген жоқ. Бергені мың теңге. Онымен қай жыртығымды жамаймын? Естері дұрыс па?

Құрылысқа мемлекеттен қаржы дер кезінде бөлініпті. Бірақ жергілікті мердігер жұмысшылармен есептесуге асығар емес. Ал шағымданған 80 адамның барлығы «Болат и К» фирмасында жұмыс істеп келген.

Мұрат Жұрақшынов, құрылысшы:

-Төлегені 2 мың, 5 мың. Бұл бір аптада бергені. Қазір 2-5 мың ақша ма? Біз осындай ақша табуға келдік пе? Әркімнің бала-шағасы бар, барлығымыз қайғырып жүрміз.

Ал құрылыс компаниясының басшысы өз ұжымын ішімдікке салынған, саусағының ұшын қозғалтуға да ерінеді деп айыптады. Сондықтан келісім-шарт жасасып, әуреленуді жөн көрмепті. Құрылыс алаңында болғандарды сынақтан өткізген екен. Енді соңына дейін шыдағандардың ғана жалақысын төлемек.

Болат Баймұхан, «Болат и К» компаниясының директоры:

— Істелген жұмыс туралы актті қазір өткіздім.  Ақшаны аударған кезде кісілерге айлықтарын төлеймін. Ал мына кісілер жұмыстан шығарылған адамдар. Қалған 30 адам жұмыс істеп жатыр.

Бұл іспен қазір полиция және прокуратура айналысуда. Құрылысшылардың басым бөлігі теккен тері үшін тиісті теңгесі төленгенше жұмысты жалғастырудан бас тартып отыр. Ал қалғандары еңбекақысын ала сала өз жөнімен кетпекші.