Былтыр мамыр айында футбол клубының бас директоры Қалымжан Ержанов пен техникалық директоры Болат Ысқақовты үйлерінің алдында беттерін тұмшалаған 4 адам сабап кеткен. Сол кезде басы жарылған Ысқақовтың денсаулығы енді ғана түзеліпті. Ал әріптесі Ержанов жеңіл жарақат алған. Іздері суымай ұсталған Арман Қарағаев пен Амангелді Құлатаев 6, ал Керім Пусырханов пен Асхат Теміржанов 5 жылдан арқалады. Олар жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтемек. Ал бұларға тапсырыс бергендер әлі күнге дейін анықталмаған. Айта кету керек, клуб жетекшілеріне шабуыл жасалған күні павлодарлық «Ертіс» семейлік «Спартакты» 5:0 есебімен ойсырата жеңген еді. Команданы небәрі 3 ай басқарған қос директор осы оқиғадан кейін өз еріктерімен жұмыстан кеткен болатын.
Елена Белова, Павлодар қаласы прокурорының көмекшісі:
– Тергеу барысында қылмыстың тапсырыс бойынша жасалғаны анықталды. Сондай-ақ, айыпталушылардың суық қаруды қолданғаны дәлелденді. Олар тапсырыс берушілерге қатысты тіс жармай отыр. Бұған тұрғыда қылмыстық іс жеке қаралмақ.