Сәбит Досанов Мәскеуден төрт марапат алып қайтты - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сәбит Досанов Мәскеуден төрт марапат алып қайтты

Сәбит Досанов Мәскеуден төрт марапат алып қайтты

Ресей Федерациясының Бейбітшілік және келісім сарайының конференц-залында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың 75 жасқа толуына орай жазушының шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы «Айқын» республикалық газетінің бүгінгі санында жазылды.

  • 18 Наурыз 2015
  • 434
Фото - Caravan.kz

Ресей Жазушылар одағы мен «Мұрагер» және «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымдары ұйымдастырған кеште орыстың көрнекті ақыны, Ресей Жазушылар одағының бірінші хатшысы Геннадий Иванов, әлем таныған сыншы, академик Феликс Кузнецов, Тәжікстанның халық жазушысы Шавқат Ниязи, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері генерал-лейтенант Сергей Соколов, «Московский литератор» газетінің бас редакторы Иван Голубничий, тарихшы, әдебиетшi Валентин Осипов өз сөздерінде Сәбит Досановтың әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған «Ақ аруана» повесі, «Екінші өмір», «Тау жолы» романдары жайлы парасатты пайымдауларын ортаға салып, жазушының қуатты, қайталанбас хас талантына аса жоғары баға берді. Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжиннің құттықтау хатын елшіліктің жауапты қызметкері Виктор Темірбаев табыстады. Жазушыны мерейтойымен құттықтаған қазақ және қырғыз диаспорасының өкілдері Сәбит Досановтың талантына тағзым етіп, шапан жапты.

Мерейтой кешін жүргiзген белгілі жазушы, Ресей Баспасөз клубының президенті Валерий Поволяев Сәбит Досановқа Сергей Есенин атындағы «Золотая осень» сыйлығы берілгенін және Василий Шукшин алтын медалімен марапатталғаны жайлы қуанышты хабарды жеткізгенде, зал толы халық дуылдата қол соқты. Бұл сыйлықтарды Ресей және Мәскеу Жазушылар одақтарының басшылары табыстады. Сәбит Досанов сонымен бірге аса көрнекті мемлекет қайраткері Геннадий Зюгановтың шешімімен «Тың жерлерді игерудің 60 жылдығы» және Панфиловшы ескерткіш медалімен марапатталды. Сөйтіп, қазақ қаламгері Мәскеуден төрт бірдей марапат алып, елге зор абыроймен оралды.

Сәбит Досановтың Мәскеуде өткен шығармашылық кешіне генерал-полковник, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Юрий Ефимов, аса көрнекті ақын Леонид Монастырский, белгілі армян әдебиетшісі Станислав Оганян, Дружба народов университетінің проректоры, профессор Нұр Қирабаев, «Московский литератор» газетінің бас редакторы Иван Голубничий, Ресей мен Қазақстан және Қырғызстанның елге танымал көрнекті тұлғалары қатынасты.