Әкім орынбасарының айтуынша, елорда тұрғындарының 29% немесе 218 мыңнан астамы — 14-29 жас аралығындағы жастар.
Құрылымдық жоспар бойынша жастар саясаты саласында бірнеше басым бағыттар бойынша жұмысстар жүргізілуде. Соның ішінде кәсіптік баңдарлау және жұмыспен қамтуға көмектесу, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың демалысы, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастар денсаулығы орталығы, ақпараттық-насихаттау жұмыстары.
— Түлектерді жұмыспен қамту — елордалық жастар арасындағы өзекті мәселе. Бәсекелестік ортаны ескере отырып, инженер-механик, электрик, монтаждаушы, сантехник, слесарь, сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім, қызмет көрсету және т.б. салалардағы қажетті мамандардың санын көбейту керек. Бұл тұрғыдан алғанда, «Цесна-Астық» концерні» АҚ, «Тұлпар-Тальго» ЖШС, «Целингидромаш ӨК» компаниясы, «СтальЦинк» зауыты сынды қалалық өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесе отырып, жастарды кәсіптік бағдарлау, жоғарғы сынып оқушыларының арасында жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді Ермек Аманшаев.
Ол сондай-ақ жоғарыда аталған шаралардың қорытындысы бойынша қажетті мамандықтарға түсушілер саны 12% өсіп, 3 мыңға жуық адамды құрағанын атап өтті.
Жастардың демалысын ұйымдастыру үшін қалада 25 аула клубы жұмыс істейді. Ал уақтылы кәсіби медициналық көмек көрсету үшін салауатты өмір салтын насихаттайтын 10 жастар денсаулық орталығы бар. Дегенмен, депутаттар жастардың бос уақытын өткізуге арналған тұрғылықты мекен-жайлары бойынша орналасқан арнайы ғимараттардың аздығына тоқталды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында елордада қоғамдық тәртіпті қадағалайтын арнайы жасақтар құрылды. Өткен жылы қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында ұйымдастырылған 15 рейдтік шараға құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге жоғары оқу орындарының 150 студенті қатысқан.
Елордалық жастарды қала үшін әлеуметтік маңызды жобаларға қатысуға дайындау мақсатында «Команда-2017» волонтерлік қозғалысы дамып келеді, онда жастар командада жұмыс істеу дағдыларын үйреніп, ЭКСПО тарихымен танысады.
Сессия барысында халық қалаулылары жастардың әлеуметтік желіні белсенді түрде пайдаланатынына тоқталып, аталмыш желілер экстремистік мақсаттарда қолданылуы мүмкін екендігін баса айтты.
Сессия соңында депутаттар елордада жастар саясатын тиімді жүзеге асыру бойынша бірқатар кеңес берді.