Елімізде соғыс ардагерлеріне ерекше телефондар таратылып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде соғыс ардагерлеріне ерекше телефондар таратылып жатыр

Елімізде соғыс ардагерлеріне ерекше телефондар таратылып жатыр

Елімізде ардагерлер үшін арнайы жасап шығарылған ұялы телефондар таратылып жатыр. Бір ерекшелігі, бұл телефонның дабыл түймесін басып қалса, дереу оператормен байланысқа шығады. Сөйтіп, тура өзі тұрған жерге көмек шақыра алады. Бұл шара соғыс ардагерлерін ардақтау мақсатында ұйымдастырылған «Өмір жолы» акциясы аясында өткізілуде. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жасалған мұндай сыйлыққа қариялар дән риза.

  • 19 Наурыз 2015
  • 294
Фото - Caravan.kz

Түрі қарапайым болғанымен, оны қолдану қариялар үшін өте қиын. Сондықтан шараны ұйымдастырушылар бұл ұялы телефонды ардагерлерге осылай жеке-жеке түсіндіреді. Құрылғы туралы айтсақ, ол кәдімгі телефон. Тек артқы бетінде бадырайған қызыл түймешесі бар. Егер ақсақал бір қолайсыз жағдайға тап болса, соны 3 секунд басып тұруы керек.

Ернар Нұрбеков, «Өмір жолы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Қызыл түймені басқанда дабыл қағылып, ол бірден біздің орталық базамызға тіркеледі. Онда қоңыраудың қайдан, кімнен келіп тұрғаны, ол адамның денсаулық жағдайы туралы және басқа да мәліметтер пайда болады. Сөйтіп, операторлар қайтадан байланысып, қажетті көмекті сол жерге жібереді.

Орталық базаға қоңырау шалу да тегін. Мұндағы қаз-қатар тізіліп отырған операторлар қарттардың әрбір сауалына жауап беруге дайын. Олар соғылған дабылдың себебін біліп, кеңестерін айтып, соңынан тіпті жылы лебізіне дейін білдіріп отырады. Акция ұйымдастырушыларының осындай қамқорлығын көре бастаған ардагерлердің бірі Николай Чижма бұған дән риза.

Николай Чижма, соғыс ардагері:

-Мемлекеттің біздей қарттарға жасап жатқан қамқорлығына өте қуаныштымын. Бетіндегі сандары үлкен, анық көрінеді. Әрбірін басқан сайын дауысы шығып тұрады. Алдындағы телефонымды түсіну қиынырақ еді. Мұнда бәрі қарапайым.

Жалпы бұндай жоба Ресейде бұрыннан сәтті қолданылып келеді. Енді міне, біздің елге де жетіп отыр. Алдағы уақытта осындай телефонды еліміз бойынша Николай ақсақал секілді 5 мыңнан астам, ал Алматы бойынша 898 ардагердің барлығы түгел иеленбек.