Шаруа қожалығында жұмыс істейтін Саяхат Оспанов бірнеше күннен бері токскиология бөлімінде жатыр. Әдеттегідей пеш жағып, жылынбақ болған азамат кенет талып құлап, есін ауруханада бір-ақ жиған.
Саяхат Оспанов, Семей қаласының тұрғыны:
-Күнде жанып тұрған от. Сол күні пеште жарықшақ пайда болды. Иіс шығып тұрды. Оны сылауға еріндік. Ұйықтап қалыппыз. Бізді сосын тауып алды таңертең.
Сол күні қожалықтан 3 бірдей адам келіп түскен. Барлығы ыстан қатты уланған екен.
Қайрат Башығұлов, Семей қалалық «Бүйрек орталығы» токсикология бөлімінің меңгерушісі:
-Түтінге уланғандар комаға түскен. Арнайы барокамерада ем жасадық. Біраз кеш жеткізілгенде тірі қалмаушы еді. Енді абай болады деп сенеміз.
Оқыс оқиғалардың көбейіп кеткеніне алаңдаған құтқарушылар жер үйлерді аралауға көшті. Баспана ішіндегі пештерді тексеріп, онымен қалай жұмыс істеу керектігін тәптіштеп түсіндіріп жүр. Өз үйіндегі пештен жапа шеккендердің саны соңғы күндері 47-ге жеткен. Арасында 16 бала бар. Екі азамат ес жимастан көз жұмды.
Серікжан Азанбаев, Семей қаласы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің аға инженері:
-От жаққан да, кешкі уақытта ұйықтап қалған. Пештің тартымы болмады. Түтін пештің жарығынан ақырындап шығып, бөлменің ішін толтырып, адам мерт болған. Көміртекті газ сезілмейді, білінбейді. Ақырындап-ақырындап адамды масайтады да, ұйқыға батады да өліп қалуы мүмкін.
Мамандар кірген үйлердің тең жарымының пештері аса қауіпті деп танылған. Яғни беткейлері жарылып, сылақтары түсіп жатыр.
— Бүтін пештің өзінен де қауіп бар екен. Өйткені тұрғындардың дені мұржаларды тазартуға ерінеді. Өңірде қыстың ызғары наурыздың соңына дейін сақталатынын ескерсек, жер үйлердегі жұрт пешті тағы біраз қолданбақ. Сондықтан құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды тағы да сұрауда сұрауда.