Бұған қоса бас-аяғы бір сағаттың ішінде куәліксіз көлік басқарған 40 жүргізуші ұсталды. Мұның барлығы — Шымкентте өткен рейдтің нәтижесі.
Шымкенттегі рейдті қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Данияр Мейірханның өзі басқаруда. Бір сағаттың ішінде 40-қа жуық тәртіп бұзу фактісі тіркелді. Солардың көбісі — көлікті тиісті куәліксіз басқарғандар.
«Облыстық ішкі істер департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Шымкенттегі Қонаев даңғылының бойында небәрі бір сағаттың ішінде ҚР әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің 612-бабын бұзған бірнеше жүргізушіні ұстады, 40 көлік ақылы айып тұрағына қойылды»,-дейді Шымкент ҚІІБ ЖПП полкының взвод командирі Дидар Омаров.
Рейд барысында тек жүргізуші куәлігін ұмыт қалдырғандар ғана кездескен жоқ. Жеке күзет агенттігіне тиесілі көліктің жүргізушісі қауіпсіздік белбеуін тағынбапты. Оған қоса арнайы жарық белгісін алуға мәжбүр болды. Ал жол талғамайтын тағы бір көлікті басқарған азамат алдыңғы терезесін күңгірттеп алыпты. Онысын мойындап, жапсырманы сол жерде алып тастады.
17 наурыздан 19-на дейінгі аралықтағы үш күн бойы тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, заң бұзушыларды анықтайды. Кінәлі азаматтар қатаң жазаланады, дейді құқық қорғаушылар.